Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына қатысты екі іс қозғалды

0
77

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Заң бұзушылықтарға жауапты тұлғаларға сөгіс және ескерту жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының білім беру қызметімен айналысу лицензиясы тоқтатылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік қызметкерлері Азаматтық авиация академиясында жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде жоғары оқу орнының білім беру қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерінде заң бұзушылықтар анықталды.

Белгілі болғандай, академияда оқытушылардың сандық құрамына, ғалымдар үлесіне, ғылыми жетекшілерге қойылатын лицензиялау талаптары сақталмаған. Сондай-ақ, студенттермен кәсіби тәжірибе келісімшарттары жасалмаған.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда белді университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды

«Академияға қатысты екі әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, әкімшілік істердің санкциялары білім беру қызметімен айналысу лицензиясының күшін 2 айға тоқтата отырып, 175 АЕК мөлшерінде (441 875 теңге) әкімшілік айыппұл салуды қарастырады», – делінген хабарламада.

Қаулы осы жылдың 28 тамызында заңды күшіне енеді.

Ал Азаматтық авиация академиясы оқу жылының басталуына дайын екенін хабарлады.

«Бұл шешім ағымдағы білім беру процесіне әсер етпейді. Талапкерлерді қабылдау аяқталды. Академия оқу жылының басталуына дайын, заң бұзушылықтарды жою процесі жүріп жатыр», – делінген академияның хабарламасында.

Заң бұзушылықтарға жауапты 7 лауазымды тұлға мен қызметкерге сөгіс және ескерту жарияланды. Бұған қоса, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ директорлар кеңесі академия басшылығын ауыстыру туралы шешім қабылдап, жаңа ректор тағайындады.



sputniknews.kz