Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: Көршілері сол күні не болғанын айтты

0

Алматы қаласында 7 тамыз күні пәтерлердің бірінен әйел мен оның екі баласының денесі табылды. Олар Әуезов ауданы «Мамыр» ықшам ауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінде тұрған. Көршілерінің сөзінше, үш адамның мәйіті табылған күні таңертең пәтерге бөтен біреу келген, деп хабарлайды halyq-uni.kz.

«Сол пәтерге жақын тұратын көршілердің сөзінше, таңғы сегіз шамасында пәтерден әйелдің қатты айғайлаған даусы шыққан. Баласы жылаған. Сол уақытта маска таққан адам кіргені айтылып жатыр.

Есікті ашқан кезде әйелді пышақтап кеткенін көрген. Бірінші санына пышақ сұққан дейді. Көз жұмған әйелдің күйеуі бизнесмен екен. Жұмысындағы түсініспеушілікке байланысты да болуы мүмкін деген пікірлер бар», — дейді көршілері. Қазіргі уақытта үш мәйіт табылған пәтердің есігі жабық тұр. Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, 34 жастағы әйел мен 7 және 2 жасар баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар. «Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, оның аясында тергеу және жедел іс-шараның барлығы жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Оқиғаға байланысты видео материалдар тексеріліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр», — деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта істі Алматы прокуратурасы ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде өзге ақпарат жарияланбайды.