Алматыдағы 4 жасар Хантөренің өлімі: Өгей әкесіне қатысты сот үкімі шықты

0

Азаматтық некедегі әйелінің 4 жасар баласын ұрып өлтірген 19 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жас баланы өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот анықтағандай, ер адам 2023 жылдың тамыз айынан бері жалдамалы пәтерде баланың анасымен бірге тұрып келген. 2023 жылдың қыркүйек айында сотталушы жеке өшпенділік және баланың әкесінен кек алу мақсатында кәмелетке толмаған өгей ұлы Х.-ны соққыға жыққан.

«Сотталушы баланың басы мен асқазанына 8-9 рет ұрған. Салдарынан бауыры жарылып, ішкі қан кетуден бала көз жұмды. Ер адам баланы өлімші халде балабақшаға апарып тастаған. Нәтижесінде, бала балабақшадан ауруханаға жеткізілді, бірнеше күннен кейін ол ауруханада алған жарақаттардан қайтыс болды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Сот ер адамды өгей ұлын өлтіргені үшін кінәлі деп тауып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Төрт жасар Хантөрені анасы азаматтық некедегі күйеуіне қалдырып жұмысқа кеткен. Сол уақытта жас жігіт бүлдіршінді соққыға жығып, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Іш құрылысы зақымданған бала төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмды.