Алматыдағы 20 жастағы жігіттің өлімі: Спортшының досы күдікті ретінде ұсталды
Алматыда Шұғыла ауданында пышақ жарақытынан көз жұмған Әли Серіктің сыныптасы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның тай боксынан әлем чемпионы Әли Серіктің 11 жыл бірге оқыған сыныптасы адам өлтірді деген күдікпен ұсталды. Марқұмның жақындары күдіктінің қатаң жазалануын талап етіп отыр.
“Жүрек тұсынан ұрған. Төрт рет. Мойыннан ұрған. Қолында екі пышақ болған ғой. Қос қолдап екеуімен ұрған ғой. Екеуі негізі бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Осы үйде ауызашарда болып, ораза кезінде ауыз ашып, көмектесіп жүрген бала еді. Әлимен бірге қар күреп жүретін”, – дейді Әлидің анасы Ақмарал Табысбекқызы.
Марқұмның бапкері Әли келер жылы ересектер арасында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуы керек еді дейді.
“Әли ең жас әлем чемпионы болған. Біз одан үлкен үміт күттік. Ол әрқашан өзінен кейінгі жастарға үлгі болатын. Келер жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтуі керек еді. Әли сол доданы жеңіп, Азия чемпионатында бақ сынағысы келген. Түбінде кәсіпқой спортқа түбегейлі өтуді жоспарлаған еді”, – дейді бапкер Рамис Ғабитов.
Әли Серікті пышақтады деген күдікті бірден құрықталып, қамауға алынды.
“Осы адам өлтіру дерегінің себебін “арамызда туындаған кикілжің, жанжалдың салдарынан пышақ жарақатын салдым” деп түсініктеме берді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабының нормалары бойынша, бұл азамат қамауға алынды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Әлидің денесі жақындарына табысталды. Олар тергеудің әділ жүріп, күдіктіге қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр.
Жантүршігерлік жағдайды өз көзімен көргендер көп. Куәгерлердің бірі Әлидің көз алдында жан тапсырғанын айтты.
“Қансырап жүгіріп осы жерге құлады. Екі жігіт қашты. Артынан бір бала қуды. Таба алмадық деп екі жігіт келді. Кәдімгідей тірі жатқан. Көз алдымда өлді”, – дейді Серік Рақышев.
Еске салсақ, Алматыда жол бойында әлдекімдер 20 жастағы жігітті пышақтап кеткені туралы хабарлаған едік.