Алматыда жылжымалы вакцина пункттері іске қосылады
Алматыда коронавирусқа қарсы жылжымалы медициналық вакцинация пункттері құрылады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді.
Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
– Медициналық мекемелер мен емханалардан басқа, адамдар көп жиналатын орындарда, СОО-да егу пункттері ашылды. Сонымен қатар, қаланың шалғай аудандарында біз вакцинациялау үшін машиналар, жылжымалы медициналық пункттер мен мобильді бригадалар шығуын жоспарлап отырмыз. Осындай төрт машина дайындалды, – деді Нариман Табынбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұрын хабарланғандай, Алматыда 200-ге жуық егу пункті орналасқан.
Барлығы миллионнан кем емес алматылықтарға вакцина егу жоспарланған.