Алматыда жылыту маусымы кезінде 37 адам табиғи газдан уланып қалды

0
29

Алматыда жылыту маусымы кезінде 37 адам табиғи газдан уланып қалды. Оның басым бөлігі балалар. Бұл туралы брифинг барысында қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент өкілінің сөзінше, жеке тұрғын үй секторын аралау бойынша рейдтік іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылады. Алайда, жүргізілген жұмыстарға қарамастан, биыл 37 адам, оның ішінде 25 бала табиғи газдан уланып қалған.

«Осыған орай, ведомства шарт міндеттемелерін орындамаған қызмет көрсететін компанияларға шара қолдану мақсатында тұрғын үй саясаты басқармасымен бірге «Алматыгаз АРЦ» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде газ қазандықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды сапалы қамтамасыз етпегені және уақтылы орындамағаны үшін «Алматыгаз АРЦ» ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 299-бабы 4-бөлігі бойынша 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салды»,- деді Самат Асаинов.

Сонымен қатар, ол биыл тұрғын үй секторында өрт 22% — ға азайғанын мәлім етті. 2021 жылғы шілдеден бастап 1326 әлеуметтік осал топқа жататын отбасы және 1876 бейәлеуметтік өмір салтын ұстанатын адамдар тізімі жасақталды.

«Сол тізімге сәйкес әлеуметтік көмек көрсету бойынша шаралар қабылдау үшін аудандық әкімдіктерге және әлеуметтік әл-ауқат басқармасына жолданды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы санаттағы 127 отбасы 20 айлық есептік көрсеткіш (58 340тг) мөлшерінде ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, өрттен зардап шеккен адамдарға 4,5 млн теңге көлемінде өтемақы төлінді»,- деді спикер.

Бұдан бөлек «Көмек қолы» акциясы аясында 66 улы газ датчигі орнатылды. Көмірмен жылытылатын барлығы 1326 жеке тұрғын үй толық жабдықталған.

(ақпарат: nege.kz, фото: ашық дерек көзден)