Алматыда жөргекпұл алып, ізін суытатын әзербайжан жігітке іздеу жарияланды
Алматылық Рамиль Байрамов әйелдерді махаббат шырмауына түсіріп, балалы болған. Жөргекпұл алған соң, ізім-қайым жоғалған
АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. 31 жастағы жігіттің торына түскен 7 әйелдің алтауы балалы болған. Бірақ ол ешқайсысымен заңды некеге тұрмаған. Алданған әйелдердің бірі — Анель Оразбаева жігітке 4 млн теңге ұстатқанын «Астарлы ақиқат» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
Альфонстан балалы болған келіншек қазір оның үстінен бір топ әйел полицияға арыз жазғанын айтады.
Тағы оқыңыз: Бай жігітті баламен ұстап қалғысы келген қыз жазасын алды
«Ол ажырасқан, қызы бар адаммын деп танысты. Астында Гелендваген көлігі болды. Типографияда істеймін деп айтатын. Басында көлігім бұзылып қалды, жолда қалдым, киви әмияныма ақша салып жіберші деп жүрді. Несиемді жабуға ақша жетпей тұр деді. Несие де алып бердім. Бір күні коллекторлар ақша тап деп қысқан кезде ауруханаға түскенін айтты. Обыр дертіне шалдығуым мүмкін деді. Сол кезде емделсін деп, оған қомақты ақша бердім. Басы-аяғы 4 млн теңгемді сыпырып кетті. Оның ішінде баланың жөргекпұлы да бар», — дейді ол.
Анель Алматыда бір зауытта кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істейді. Келіншек баласына әке табылса, басқа әйелдер секілді отбасы болып, бақытты өмір сүруді армандаған. Осындай уақытта оған Рамиль жолығыпты.
Тағы оқыңыз: Сал бала туғаны үшін әйелін тастап кеткен актердің сөзі жұрттың ашуын келтірді
«Бірден «Маған бала керек»,- деп айтты. Осыдан-ақ қарым-қатынасымызға ерекше мән беретінін түсіндім. Қатты сендім. Ал анасын көрген емеспін. Бірақ телефон арқылы сөйлесіп жүретінбіз. Аяғым ауыр кезде маған ақыл-кеңес те берді. Кейін оның анасы емес, жәй бір сыбайласы екенін білдім», — дейді Анель.
Қалай дегенмен де бұл арада бір гәптің бар екенін келіншек кеш болса да, ақырында түсінген. Сөйтіп, ешкімге білдірмей тексеріс жүргізіпті. Бұрынғы әйелін тапқан. Ол да алданып қалғанын айтады. Сол кезде Анель Рамильден өз ақшасын талап ете бастайды.
«Мен ақшаны сұрамасам, ол солай жүре беретін еді. Қайтаруын талап еттім. Басқа әйелдермен байланысы барын білгенімді айттым. Сол кезде ол жоқ болып кетті», — дейді альфонстан зардап шеккен әйел.
Бағдарламаға әзербайжан жігітінен бала тапқан тағы бір әйел келді. Бірақ ол несие алып беруді өтінгенде, бірден банкке тұра жүгірмеген.
Тағы оқыңыз: Төрт күйеуінен де талақ естіген шымкенттік әйелдің жанайқайы
«Ол маған Ауди көлігімен келді. Бірден проблемасын айта бастады. Әкесі қайтыс болғанын, шешесі Талдықорғанға жұмыс іздеп барамын деп жолда көлік апатына ұшырағанын айтты. Енді шешемнің отасына ақша керек деді. Бизнес ашпақ едім, соған да ақша керек деді. Ақыры, ол менен өзім төлеймін деп несие алып беруімді сұрады», — дейді алматылық Юля Николенко.
Юля ол кезде сұлулық салонында жұмыс істеп жүріпті. Несие алуға жағдайы болған. Алайда келіншек соңғы сәтте ойланып қалыпты.
«Оған несие алып бере алмайтынымды айттым. Онда көшеде байқап жүр, біреулер бас салса, мені кінәлама деп қорқытты», — дейді ол.
Бұдан соң, Юля онымен араласпай кеткен. Алайда келіншектің әкесі дүниеден өтеді. Осы кезде оның жанынан Рамиль тағы да табыла кетеді. Анам жазылып шықты, енді үйленіп бірге тұрайық деген.
«Ақпан айында қайта қосылдық. Ол менің үйімде тұра бастады. Бірақ бітпейтін бір проблемалары шыға беретін. Тұрақта әкемнің ескі көлігі бар еді. Ақшасын бөліп төлеймін деп алып, оны да жоқ қылды. Қорада жататын темір-терсек те көп еді. Соның бәрін әкетті. 100 мың теңгедей шыққан шығар. Жалпы, ол менен 500 мың теңге алды, оның үстіне әкемнің көлігін де алып қойды», — дейді ол.
Альфонстан зардап шегушілер ақшасын қайтара алмайтындарын біледі. Олардың басты мақсаты — Рамильді темір тордың арғы жағына тоғытып, сазайын беру.
Қазір полиция Рамиль Байрамовқа іздеу жарияланған.
«Бұл оқиғаға қатысты Алматы облысының Еңбекші қазақ және Іле аудандарының полициясына үш арыз келіп түсті. Оларды бір өндіріс материалы ретінде біріктіру жайы қарастырылуда. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, осы іске қатысты Шымкент қаласы полициясына да арыз түскені анықталды. Қазір күдіктіге қатысты жедел іздеу шаралары ұйымдастырылуда», — деді Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкері Серік Упиев.
Бағдарламаға қатысқан заңгер Рамиль ұсталатын болса, оның 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
sputniknews.kz