Алматыда жол ережесін бұзған автобус жүргізушілері емтиханға жіберіледі

0

Алматыда биыл 298 жол апатына автобустың қатысы болған.

Алматы полициясы қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылатын талапты күшейте түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, жол ережесін екінші рет бұзған автобус жүргізушілері ҚР ӘқбК 58-бабына сәйкес қайта емтиханға жіберілетін болады.

Егер, жүргізуші емтиханнан өте алмаса, іс материалдары сотқа жіберіліп, оған көлік тізгіндеуге тыйым салынады.

Бүгінде Алматыда 1 мың 500 автобус 120 шағын автобус қызмет етеді, олардың ішінде 1000-ға жуық автобус қала ішінде жолаушы тасымалдайды.

«Алматыда жол ережесін бұзу деректерінің 15 пайызы автобус жүргізушілерінің кесірінен болады. Бұл сан полицияның алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан, жүргізушілердің бұл категориясын үнемі ерекше бақылауда ұстауға тырысамыз. Сол себепті Алматыда арнайы апталық басталды. Қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр», — деді Алматы Полиция департаментінің басқарма басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.

Алматыда биыл 298 жол апатына автобустың қатысы болған. Соның салдарынан 4 адам қаза болып, 381 адам жарақат алды.

Оның ішінде 224 жол апаты жүргізушілердің кесірінен болды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!