Алматыда жазушы, драматург Асқар Сүлейменовты еске алу кеші өтті

0
155

Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Бақытжамал Оспанова бүгінде руханият ордасының дерекқорында Асқар Сүлейменовтың 300-ден астам кітаптары сақталғандығын әрі осынау құнды кітаптардың жастар арасында зор сұранысқа ие екендігін жеткізді.

Еске алу кешін жүргізген жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев аса көрнекті жазушы, ойшыл, драматург Асқар Сүлейменовтің әдебиетке 60-жылдары келуі еркіндік аңсаған, жаңалыққа құмар жастардың әдебиетке жаңаша қарауға кіріскен кезеңімен тұспа-тұс келгенін жеткізді. «Ол кезде жоғары оқу орынын да аспирантураны да тамамдап үлгеріп, сынды өткір жазатындығымен көзге түсті. Сонау Созақтан шығып орыс тілін еркін меңгергендігімен, өткір ойлар, пікірлерімен зиялы қауымды елең еткізген еді. Ал сол кезде «Түр туралы бірер сөз» атты мақаласы да бірден әдеби ортаның назарын аударды» деп атап өтті.  Ал академик Өмірзақ Айтбайұлы сонау бір алғаш кезеңдегі ерекше бір достықтың куәсі болған жылдарды есіне алды. «Біздерді табыстырған домбыра еді. Қазақтың қара домбырасына, күйлеріне осыншама ғашық болған жанды мен көрген емеспін. Түн тереңінде телефон шалып «Сағындым… Қосбасармен Тесміртасты тыңдағым келеді дейтін. Осылайша біздер таң бозына дейін қазақтың күй мен жырын тыңдаушы едік», деді ғалым.

Асқар Сүлейменовтың адами болмысы, әдебиеттегі айшықты орны туралы Мұрат Әуезов, Смағұл Елубаев, Зәкір Асабаев, Мәмбет Қойгелді, Нүкетай мышбаева, Досқан Жолжақсынов, Дидар Аманттай, Әлия Бөпежанова, т.б. ғалымдар мен қаламгерлер, өнер қайраткерлері ерекше толғанысты естеліктер айтып, қалам тербеудегі соны ерекшеліктеріне тоқталса, жазушының қызы Қарашаш Асқарқызы осынау әдеби ортада өскендігі мен әкеге деген сағынышын жеткізіп, қалың елі қазағының Асқардай алып тұлғаны осылай дәріптеп, еске алып отырғандығына зор алғысын білдірді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/