Алматыда жастар талабынан соң белсенділерді босата бастады

0

1 наурызда түстен кейін 20-30 шақты адам Алматы қалалық полиция департаментінің алдына барып, бірнеше сағат бұрын ұсталған белсенділерді босатуды талап етті. Талап қойғандардың басым бөлігі жастар болды. Олар белсенділердің ұсталғанына төрт сағаттан астам уақыт өткенін айтып, дереу босатуды сұрады. Кешкі 17.00-ге қарай белсенділердің алды полициядан шыға бастады. Олардың арасында тіркелмеген Oyan, Qazaqstan қозғалысы мүшелері Әсем Жәпішева, Жанель Шаханова, тіркелмеген «Көше» партиясының өкілі Даная Қалиева болды. 1 наурызда таңертең Жәпішева мен Шаханованы полиция «митинг орнына» жетпей ұстаған. Олардың айтуынша, іште тағы 15 шақты жексенбі күні ұсталған адам бар.

Нұр-Сұлтанда күндізгі ұстаулардан кейін Есіл аудандық ішкі істер басқармасына барған Азаттық тілшісіне кіре берісте отырған кезекші полицей іште 25 адам бар екенін айтты. Оның айтуынша, олардың әрқайсысынан жеке-жеке жауап алынбақ. Кезекші тілшінің қалған сұрақтарына жауап бермеді. Әлеуметтік желіде жарияланған дерек бойынша, басқармаға жеткізілгендер арасында тіркелмеген «Көше» партиясының мүшелері Әсия Бақаева, Роза Мұсаева, Асқар Сембай бар.

Есіл аудандық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Шуленова Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Алматы аудандық ішкі істер басқармасына барған Азаттық тілшілерін ғимарат сыртын күзетіп тұрған полиция қызметкерлері кіргізбеді. Бұған дейін Абай ескерткіші маңында ұсталған тіркелмеген «Республика» қозғалысының өкілдерін осы жаққа жеткізілгені туралы хабарланған.

Шымкентте Тәуке хан көшесінен ұсталған белсенді Мұрат Аштаевты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына апарған кезде жүрегі ауырып, денсаулығы нашарлаған. Басқармаға жедел жәрдем қызметі шақыртылып, ізінше белсенді ауруханаға жеткізілген. Сол жерде оған ине салынған.

1 наурыз күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қаласында полиция ондаған азаматты ұсталды. Олардың бір бөлігі митинг басталмай тұрып, үйлерінен әкетілді. Кейбірі «митинг орны» ретінде белгіленген аумақта күндіз ұсталды.

Әзірге нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Азаттық тілшісі ішкі істер министрлігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Митингілер қарсаңында Қазақстанның әр аймағында белсенділер қамалып, 1 наурызда таңертең митинг өтеді делінген облыстық және қалалық әкімдіктердің айналасы қоршалды. Ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Жексенбі, 1 наурызда Алматыда Республика аумағында мобильді интернет байланысы нашарлады. Тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік беретін құрылғы қызметі істемей қалды.

Бас прокуратура митингілерді «заңсыз» деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.​

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің қамала бастағанын хабарлады

Azattyq