Алматыда жасөспірім егде адамды видео үшін соққыға жыққан
Алматыда жасөспірім видео үшін көшедегі егде адамды ұрған, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде жігіттің қарт кісіге жақындап, бетінен бірнеше рет ұрған, содан кейін ер адам жерге құлап түскен видеосы пайда болды. Мұның бәрін тағы біреуі видеоға түсіріп тұрған.
Назар аударыңыз, видеода былапыт сөздер айтылған!
Алматы полициясы деректі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөліміне тіркеп, тергеп жатқанын хабарлады.
«Осы қылмысты жасады деген күдікпен 2007 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Басқа да мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды», — деді полицейлер.