Алматыда жаңа туған сәбиін 2 миллион теңгеге сатпақ болғандар ұсталды

0
69

Алматыда жаңа туған сәбиін 2 миллион теңгеге сатпақ болған ерлі-зайыпты ұсталды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Алмалы ауданында арнайы іс-шараны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен полицияның арнайы жасағы бірлесіп жүргізген.

Шараны Алматы қаласының прокуратурасы үйлестірді.

«1998 жылы туған Б. есімді әйел мен оның күйеуі 1991 жылы туған Б. есімді ер адам ұсталды. Бірнеше сағат бұрын әйел перзентханадан шыққан. Шыға саласымен олар нәрестені 2 миллион теңгеге бағалап, сатпақ болған. Айта кету керек, ерлі-зайыпты бала дүниеге келмей тұрып, «әлеуетті ата-ананы» алдын ала іздеген. Жаңа туған нәрестені сатудан түскен ақша айыпталушыларды ұстау кезінде тәркіленді. Іс соталды тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 135 бабы 2 бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша тіркелген қылмыстық іс материалдарына қосылды. Қылмыстық іс аясында жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді, Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.

Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар екендігі анықталған. Олар ауыр қылмыс бойынша өз кінәларын толықтай мойындаған.