Алматыда жалғыз адамдық пикетке шыққан тұрғынды полиция әкетті

0

9 шілдеде Алматы қалалық әкімдігінің алдында ДЦП-ға шалдыққан мүмкіндігі шектеулі Камила Шоқанова елдегі мүгедек жандардың құқығының қорғалмауына, әлеуметтік жағдайының төмен болуына назар аудартқысы келіп, бір адамдық пикет өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Камила Шоқанова сенат спикері Дариға Назарбаеваның мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты айтқан сөзіне наразылығын білдіріп, оның отставкаға кетуін талап етті. Шоқанова қолына талабы жазылған плакатты ұстап тұрды.Арада жарты жарты сағат өткен осң әкімдіктің екі өкілі шығып оны ішке кіріп, әңгімелесуге шақырды. Ал пикетке шыққан тұрғын оған келіспеді.

Кейін үш полицей келіп, Камила Шоқанованы Бостандық аудандық полиция департаментіне алып кетті. Полиция өкілдері «Шоқанованың акциясын рұқсат етілмегенін шара» екенін айтты.

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда «мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны» жазылған.

1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.

​Осы заңның 11-бабында «әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы» деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер «митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын» айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.

Azattyq