Алматыда ұсталғандардың екеуін 10-15 тәулікке қамады, біріне айыппұл салды

0

Адвокат Разия Нурмашеваның айтуынша, 7 шілдеге қараған түні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы тұрғындары Әнуар Данияровты — 10 күнге, Өткірхан Мүлкібаевты 15 күнге қамаған. 6 шілде кешке қаладағы орталық стадион маңынан ұсталған бұл екі азаматты соттан кейін бірден уақытша қамау мекемесіне алып кеткен. Данияровтың шешімін судья Қарымбаева шығарған, ал Мүлкібаевтың ісін судья Алдабек қараған.

Адвокаттың айтуынша, сот бұған қоса Алматы тұрғыны Ханзада Райымқұлға 35 500 теңге көлемінде айыппұл салған. Түнде Алматы әкімшілік сотына жеткізілген 5-6 адамның бәріне «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) бойынша айып тағылған.

Ол түнгі сағат 1-2 шамасында сотқа келген кезде сот екеуінің (бірі Данияров, бірі әзірге белгісіз) ісін адвокатсыз қарап үлгерген екен. Қалған екі азаматтың бірінің ісі жексенбі, 7 шілдеге қалдырылыпты. Бірінің ісі «жеңілдетілген сот өндірісі» бойынша қаралған.

— Болатбек Сұлтановты «жеңілдетілген сот өндірісі» (упрощенное производство) бойынша ісін қарауға көндіріп үлгерген екен. Оның өзі ештеңе түсінбеген, бірақ қамау немесе айыппұлдан гөрі сол дұрысырақ деп шешкен екен. 6 мың теңге төлеймін, болды деді өзі. Іс материалын көрмедім, — деді адвокат Разия Нурмашева Азаттық тілшісіне.

Ол шілденің 6-сы күні кешкі 8-де ұсталған азаматтардың өтініші бойынша Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына барған. Бірақ ол жаққа оны кіргізбеген. Оның айтуынша, сонда жүрген азаматтар Бостандық ішкі істер басқармасында 45-47 азамат отырғанын айтқан.

— Әуелі кезекші прокуророды шақырдым. Кезекші прокурор келді. Мені не үшін кіргізбей жатқанын анықтауға уәде берді. Сосын мүлде жоғалып кетті. Содан кейін оған 50 рет хабарласқан шығармын. Ол екі рет қана тұтқаны көтеріп «өзім қайта хабарласам» деді. Сүйтіп жоқ болды. Полиция бастығына кіруге талпындым. 102-ге хабарластым. Полиция департаментіне хабарластым. Барлық жерде «иә, анықтаймыз» деді. Бірақ артынша жоқ болады. Осылайша мені кіргізген жоқ, — деді адвокат.

Оның айтуынша, ұсталғандарды 7 шілдеде түнгі сағат бірден бастап біртіндеп шығара бастаған.

— Бөлімшеде ұсталғандар адвокатты талап еткен. «Құқық қорғаушылар келсін» деген. Бірақ бөлімше сыртында мен тұрсам да оларға «адвкоат тек кешкі алтыға дейін жұмыс істейді, оның қызметіне жүгіне алмайсыздар» деген, — дейді ол.

Оның айтуынша, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген азаматтардың басым бөлігін полиция босатқан. Тек бес алты адамды сотқа апарған.

Құқық қорғаушы Данияр Хасенов түнгі сағат 11 шамасында қаладағы полиция бөлімшелерін аралап көрген. Оның айтуынша, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында — 100 адам, Медеу аудандық ішкі істер басқармасында — 40-50 адам, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасында 45 шақты адам болған. Оны бөлімшеге кіргізбеген. Полициядан босатылып, сыртқа шыққан азаматтар осындай деректі айтқан.

6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция «рұқсат етілмеген митингке шыққан» жүздеген адамды ұстады. Әзірге ұсталғандардың нақты саны белгісіз. Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұған байланысты ақпарат әзірлеп жатқанын хабарлады.

Azattyq