Алматыда ұлын өлтірген өгей әке өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қысқа сілтеме алу
Ер адам көшеде екі жасар баласын ұрып-соғып өлтірді деп айыпталып отыр. Көшедегі оқиғаны сол маңда өтіп бара жатқан тұрғын көріпті
АЛМАТЫ, 26 қараша — Sputnik. Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы екі жасар өгей баласын өлтіру фактісі бойынша 34 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Іс бойынша тыңдаулар жақын арада Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта басталады.
Қалалық прокуратураның мәліметіне сәйкес, іс Қазақстанның қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы – «Дәрменсiз күйдегі адамды өлтіру» бойынша тергелді.
«Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», — деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Қылмыс 2019 жылдың 23 қыркүйегінде жасалған.
Тергеу анықтағандай, бала өгей әкесімен үйге келе жатқанда мазасызданған. Оны тыныштандыруға тырысқан ер адам ұлға бірнеше рет соққы жасапты.
Алған соққыдан бала жерге құлап, басын ұрып, есінен танып қалады. Сол кезде өгей әкенің ойында оны өлтіру пиғылы туындайды.
Осылайша, ес-түссіз жатқан ұлдың ішін жұдырығымен қатты ұрып жіберген. Бұл оқиғаға куә болған кездейсоқ адам сол жерге жедел жәрдем шақырыпты.
Тағы оқыңыз: Алматыда өгей әке ұрып тастаған 2 жасар бала көз жұмды
Ауыр жарақаттар алған бала ауруханаға жатқызылады. Дегенмен дәрігерлер оны аман алып қала алмайды. Ол 3 қазан күні таңертең жансақтау бөлімінде көз жұмды.
sputniknews.kz