Алматыда Ұлттық ұлан офицері әйел адамды ажалдан құтқарып қалды

0

Оқиға 2025 жылдың 16 наурызында сағат 13:30 шамасында болған

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының офицері капитан Аманғали Еменов қайғылы оқиғаның алдын алды. Ол тұрғын үйдің төртінші қабатынан секірмек болған әйелді құтқарды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Оқиға 2025 жылдың 16 наурызында сағат 13:30 шамасында Алматының көппәтерлі үйлерінің бірінде болды. Аманғали Еменов оқиға орнына кездейсоқ тап болған, жоғарыға қарап тұрған адамдарды көріп, не болып жатқанын білмекші болған. Бұл уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, әйелді шалыс қадамнан бас тартуға көндіруге тырысып жатқан еді.

«Ұландық офицер уақыт жоғалтпай, жоғарғы қабаттан арқан арқылы төменге түсіп, көрші терезеден пәтер ішіне кіреді. Бірден қонақ бөлмеге өтіп, асқан сақтықпен секіргелі тұрған әйелді артқа қауіпсіз жерге сүйреп шығарады. Әскери қызметші мен полицейлердің кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.

Оқиға орнына келген дәрігерлер әйелге қажетті көмек көрсетті, ал құзыретті органдар қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», — делінген Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарламасында.