Алматыда ұялы телефон үшін шыққан төбелестен колледж студенті қайтыс болған — новости Казахстана
Алматыдағы колледждердің бірінде ұялы телефон үшін шыққан төбелестен колледж студенті көз жұмған. Ал қазір марқұм Дастан Мұсаханның анасы ұлын өлтірген кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады деп хабарлайды КТК арнасы.
Қайғылы жағдай болған күні Дастан әдеттегідей оқуға аттанады. Алайда түстен кейін студенттің ата-анасына ұлының талып қалғаны туралы хабар жеткен екен. Колледжге аласұрып келген жігіттің әке-шешесі оның сау-тамтығы салмаған бетін ғана көріпті.
Ал төбелеске бірден бір себепкер болған ұялы телефон болып шықты. Толығырақ айтқанда, сабақ үстінде топ басшысы Дастанның ұялы телефонын тартып алыпты. Артынша жігіт сыртқа шығып, өз затын қайтармақ болғанда топтағы студенттер арасында төбелес басталып кеткен екен. Нәтижесінде 9-шы сыныпты енді бітірген жасөспірім оқиға орнында көз жұмады.
Алайда қазір жігіттің өлімі үшін кінәлі екенін тек бір ғана студент мойындаған. Оның үстінен «Абайсызда кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.
Бірақ Дастанның анасы Динара Ыдырысова бұл жағдайға тек бір ғана адамның кінәлі екеніне сене алар емес. Ол ұлын өмірімен қош айтыстырған басқа күдіктілер бостандықта тайраңдап, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп отыр.
«Тек бір бала ғана мойнына алып тұрған. Мен бұған сенбеймін. Себебі, қасындағы екі баланың қатысы бар деп ойлаймын. Сараптаманың қортындысында басына қан құйылған деп жазылған. Яғни ауыр затпен соққы жасалған», — дейді марқұмның анасы.
Бұл оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салатант Әзірбек те пікірін білдірді.
«Сезіктіні уақытша оқшаулау абақтысына қамауға шешім қабылданған болатын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары әлі де жалғасу үстінде. Іс материалдарына сүйенетін болсақ, қылмыс жасаған азаматтың кінәсі толыққанды дәлелденуде», — деді ол.
Қара жамылған отбасы екі ай бойы жалғасып жатқан терегу жұмыстарына сенбейтіндерін айтады. Оолар кінәлі сытылып кете ме деп қауіптенеді.