Алматыда учаскелік дәрігерлердің жалақысы өседі

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

«Медициналық қызмет сапасына қатысты әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан наразылық өте көп. Шетелден, елдің басқа өңірлерінен ем алу үшін арнайы Алматыға келетініне қарамастан, проблемалар жетерлік. Талдау көрсеткендей, мұның себебі медициналық мекеме менеджментінің сапасында болып отыр», — деді Байбек.

Ол бұл денсаулық сақтау мекемелері басшыларының, бас дәрігерлерінің тиімсіз басқаруының салдары екенін айтты.

«Осыған байланысты, біз денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша жол картасын әзірледік. Қызмет сапасын, арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету бойынша түбегейлі өзгерістер қабылданатын болады. Медициналық мекемелерді бақылау кеңесінің құрамында алдағы уақытта дәрігерлер мен олардың орынбасарлары болмайды. Оның орнына, кеңес құрамына тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар ортасы, медиақауымдастық өкілдері мен белсенді және танымал блогерлер кіреді», — деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімі қазіргі уақытта алматылық мемлекеттік ауруханалар мен емханалар Интернет, компьютер, ақпараттық жүйе және заманауи техникамен толық қамтылғанын атап өтті.

«Бұл емделушілерге қызмет көрсету уақытын 20%, кезек күтуді 30% қысқартуға және дәрігерді үйге шақыруды 1,5 есе жылдамдатуға мүмкіндік берді. Президент тапсырмасы бойынша учаскелік дәрігерлердің жалақысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20% өседі. Алматы қаласы бойынша бұл 1000 астам дәрігер мен 2,5 мыңға жуық медбике», — деді Байбек.

Бұған дейін қала басшысы «7-20-25» аясында Алматыда қанша пәтер несиесі мақұлданғаны туралы және тарифтердің арзандайтыны туралы айтқан болатын. Сонымен бірге қала көшелерін жарықтандыр бойынша да өз ойын айтты.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ