Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 2 кеңес беру орталығы ашылды

0
10 Желтоқсан 2018, 10:42 158 0

Алматы. BAQ.KZ тілшісі. Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа кеңес беру орталықтары ашылды. Депозит ашып, кеңес алғысы келген қала тұрғыны мегаполистегі өзіне ыңғайлы орталыққа бара алады. Алматы бойынша жалпы осындай 10 орталық бар.

Жаңа орталықтар Алматы (Сейфуллин даңғылы, 458/1 үй, «Майсат» бизнес орталығы) және Әуезов аудандарында («Спутник» сауда үйі) орналасқан. Қала тұрғындарына банк өнімдері туралы кеңес алып, депозит ашуға мүмкіндік беретін мұндай орталықтар демалыссыз және үзіліссіз таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» – жеке кеңесшілер желісі бар Қазақстандағы жалғыз банк. Кеңесшілер – жұмысыңызға немесе үйіңізге барып, біздің бағдарламалар туралы толық ақпарат бере алатын банктің штаттан тыс агенттері. Жалпы, еліміз бойынша 1100 адамнан астам кеңесшіміз бар, оның 137-сі Алматыда тұрады. Олар үйіңізде отырып депозит ашып қана қоймай, сауда-ойын орталықтарында, адамдар көп шоғырланатын орындарда, біздің мақсатты аудиториямыз бар жерлерде кеңес беру орталықтарын аша алады», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Жаңадан ашылып жатқан екі орталықты қоса алғанда, жалпы Алматыда осындай он нүкте жұмыс істейді. Банк кеңесшілерінің көмегіне жүгініп, депозит аштырған клиенттер автоматты түрде баспана сатып алуға қажетті қарапайым әрі тиімді жоспар құрып бере алатын жеке қаржы кеңесшісіне ие болады.

«Біз клиенттерімізге қамқорлық таныта отырып, олардың уақыттарын үнемдейміз. Сондықтан, оларға банкке келмей-ақ, салым иесі атануы үшін түрлі әдістерді ұсынып отырмыз. Мысалы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашу немесе кеңес алу үшін клиент өзіне жақын орналасқан Қазпошта бөлімшесіне бара алады. Ол жақта біздің кеңесшілер отырады», — дейді Нұрлан Ақшанов.

2018 жылдың 11 айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің консультанттары 235 мыңнан астам депозит ашыпты. Ал бұл кезеңдегі жалпы банк клиенттерінің ашқан салымдар саны 347 574 келісім-шартты құрайды..

«Соңғы айлардағы өсім қарқыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кеңесшілеріне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр, қазақстандықтардың көбі консультанттардың қызметіне жүгінеді. Биыл банк 34 000 салымшының баспана иесі атану туралы арманын орындады. Келесі жылы біз жаңа кеңес беру орталықтарын ашу жұмысына белсенді кірісеміз деп жоспарлап отырмыз. Орталықтардың жаңа форматы, жаңа дизайні әзірленіп жатыр, сондықтан, олардың саны көбейеді, сәйкесінше, жаңа баспанаға ие болатын қазақстандықтардың қатары да артады деген ойдамын», — дейді сөзін толықтырған банк төрайымының орынбасары.

Айта кетерлігі, Алматының әр оныншы тұрғынында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозиті бар. Қала бойынша 170 мыңнан астам салым ашылған, 25 мың алматылық осы уақытқа дейін ТҚЖБ арқылы үйлі болған.

Айгүл Мұхамбетова


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ