Алматыда тұрғын үй кешенінің маңынан әскери снаряд табылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматының «Жас қанат» ықшамауданында әскери снаряд табылды. Жарылғыш зат тұрғын үй кешенінің жанында жатқан. Қалалық полицияға бомба туралы белгісіз біреу хабарлапты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Алматыда тұрғын үй кешенінің маңынан әскери снаряд табылды

«Бұл жалған қоңырау деп ойлағандарын айтты. Ал тауып алғанда маңызды екеніне көздері жетті. Полицейлерден кейін бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келді», — дейді тұрғын Ұлшат Бектасова. 

Полицияға қоңырау жексенбі күні кешке түскен. Алматылық тұрғын көпқабатты үйдің маңында біртүрлі зат жатқанын айтыпты. Жарылғыш зат жерге жартылай көмілген болған. Оқиға орнына бірден арнайы бөлім қызметкерлері тартылыпты. Саперлер аумақты тексеріп, әскерилерді шақырған. Қауіпсіздік мақсатында әскери снаряд сол жерде жойылмады. 

Аумақта түні бойы полиция, дәрігерлер мен өрт сөндіру қызметі кезекшілік етті. Ал бүгін қауіпті зат әскери полигонға жеткізілді. Ол жерде снаряд толықтай тексеріліп, содан кейін жойылады. 

«Учаскелік инспекторлармен сұрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мүмкін олардың бірі кімнің алып келгенін көрген шығар. Немесе бұл жарылғыш заттың қанша уақыттан бері жерде жатқанын білетін болар», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

stan.kz