Алматыда тұмау өршитін мезгіл таяды

0
Тұмау
Фото: Likar.info

Алматыда эпидемиологиялық маусымның басынан бері тұмаудың 23 дерегі тіркелген, ауру жұқтырғандардың екеуі – бала. Бұл туралы Алматыдағы Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері брифингте айтты.

Жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы қарашадан басталады. Биыл Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде тегін вакцинация жасау үшін Алматыға Ресейдің тұмауға қарсы “Гриппол +” вакцинасының 90 мың дозасы сатып алынды.

Вакцинаны әртүрлі жеткізушіден сатып алатын жеке клиникалар тұмауға қарсы ақылы егеді. Баға 2,5 мың теңгеден басталады.

Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына күн сайын 100-ден астам пациент түседі, оның 30%-ы ауруханаға жатқызылады. Бұл – тұмау ғана емес, жіті респираторлық вирустық инфекция да. Тұмауға келсек, пациенттер арасында 2 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта, шынымен де, ауа райына байланысты жіті респираторлық вирустық инфекция көбейіп отыр. Бірақ пациенттерді қабылдауға қажетті шараның бәрін қолға алып отырмыз. Пациенттерді тасымалдау ісі қайта ұйымдастырылды, қабылдау бөлімінде 6 дәрігер мен 10-ға жуық медбике күні-түні жұмыс істейді. Біз науқастар ағынын қабылдап үлгеріп жатырмыз. Аурудың көбейетін мезгілі – қаңтар мен ақпанда, – деді Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.

Тұмау белгісі байқалған жағдайда емханаға хабарласу немесе дәрігерді үйге шақыру керек. Емханалар вирусқа қарсы препараттармен толық қамтылған. И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тамара Утағанованың айтуынша, қандай да бір медициналық себептер, кері әсерлер болмаса, тұмауға қарсы наурыз айына дейін егілген дұрыс. Дәрігерлер Алматыда қазіргі кезде менингококк инфекциясы тіркелмегенін айтты.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz