Алматыда телеарна ғимаратында бомба бар деп хабарлаған ер адам анықталды — Тосын жай

0

Алматыда Республика алаңында орналасқан ғимаратта бомба бар деп хабарлаған ер адам анықталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полициядағылардың мәліметінше, телеарна редакциясы мен тағы басқа БАҚ өкілдері орналасқан ғимараттан 600 адам эвакуацияланды. Сағат 12.45-те белгісіз біреу ғимаратта «бомба жатқаны» жайлы хабарлаған. Нысанды тексеру жұмыстары сағат 13.35-ке дейін жүргізілген. Іздестіру шараларына жеке құрамнан шамамен 30 адам қатысқан.

«Ер адамның аты-жөні анықталды. Ол осыған дейін қарақшылық шабуыл үшін сотты болған», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Осы дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Осы бапқа сәйкес, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


© Куәгер жолдаған сурет