Алматыда тау кластерін дамытудың жоспары жасалды
Алматы әкімдігінің бастамасымен айтулы компания мегаполис айналасы мен алматылық агломерацияның 2030 жылға дейінгі тау кластерін дамытудың шеберлік-жоспарын жасады. Туризм саласын дамыту мақсатында өңірдің барлық тау локациялары қамтылмақ. Бұл тізімде аймақтың мақтанышына баланатын Турген, Ақ Бұлақ, Oi-Qaragai Lesnaya Skazka, Табаған, Бутаковка, Пионер, Көкжайлау, Шымбұлақ, Қаскелең бар.
Шеберлік-жоспар аясында 470 км соқпа және 85 км велосипед жолдарын, 45 км атпен жүру бағыттарын, 250 км шаңғы трассаларын дамыту жайы көзделген.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде Алматы облысы әкімдігінің басшылығымен бірге көшпелі жиын өткізіп, өңірдің барлық тау локацияларын аралады.
Шаһар басшысы тау аумағында қожетімді спорттық-отбасылық курорт ұйымдастыру үшін «ЦСКА» тау шаңғысы базасын қаланың коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Бұлардан өзге, тау туризімін дамыту мақсатында «Пионер», «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» тау курорттарына дейін қала маңындағы елді мекендерден арнайы автобустар қатынайтын болады. Жаңа автобус бағыттары аптасына үш рет (Жұма – Сенбі – Жексенбі) 2-3 сағаттық интервалмен қатынайтын болады.
Тау кластерін дамыту туралы шеберлік-жоспарын жасау жөніндегі меморандумға қол қоюға Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, Іле-Алатау ұлттық паркі, «Қазақ туризм» және «Master Concept» компаниялары қатысты. Шеберлік-жоспарының концепциясын талқылау тобына мемлекеттік органдардың, туризм саласындағы халықаралық компаниялардың, қоғамдық қорлардың, туристік ассоциациялардың, жоғары оқу орындарының, спорттық туризм федерациясының өкілдері еніп отыр.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/