Алматыда таксистер жолаушыларды темекінің көмегімен ұйықтатып, заттарын ұрлап келген — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда жолаушыларды темекінің көмегімен ұйықтатып тастап, заттарын ұрлап жүрген таксистер ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Алматыда таксистер жолаушыларды темекінің көмегімен ұйықтатып, заттарын ұрлап келген

Үш ер адам қаладағы түнгі клубтардың маңын торуылдаған. Олар клубтан масайып қалған күйде шыққан адамдарға өздерін таксист ретінде таныстырыпты. 1982, 1985 және 1997 жылғы күдіктілер бір схема бойынша жұмыс істеген. 

Медеу аудандық полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаевтың сөзінше, күдіктілер түнгі клубтан шыққан адамдарға, әсіресе масайып қалғандарға такси қызметін ұсыныпты. 

«Олар жолда жолаушылармен сөйлесіп, өзінің темекісін берген. Оны шеккен жолаушы артынша ұйықтап қалады. Сол кезде күдіктілер әрекетке көшіп, адам жүрмейтін жерге барып, өзінің құрбанының қалтасын ақтарып, бағалы заттарын қолды қылған. Мұнан кейін «ұйықтап қалған» клиентін сол жерде қалдырып, кетіп қалады», — дейді ол. 

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Полицейлер ҚР ҚК 191-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

«Қазіргі уақытта фигуранттардың осы тәрізді басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда», — дейді басқармас басшысы. 

Полиция аталған тұлғалардың заңға қайшы әрекетінен зардап шеккен қала тұрғындарынан келесі телефон нөмірлеріне хабарласуын сұрайды: 254-48-01; 254-48-34; 254-48-09 немесе 102.

Сонымен қатар полициядағылар алматылықтарға жеке меншік таксистердің қызметін пайдаланудың қауіптілігін ескертеді.

«Көп адам отырған көлікке отырмаңыз, жомарттық танытқан тасымалдаушының айтқанына көнбеңіз және олардан кез келген затты алмаңыз. Лицензиясы бар таксидің қызметін қолдану қауіпсіз саналады», — дейді полициядағылар. 

stan.kz