Алматыда тағы жер сілкінді
Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, шкала бойынша жер сілкінісі 2 балды құрады.
— ҚР ТЖМ «СБЗҰҒҰ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 28 қарашада Астана уақытымен сағат 01:32-де жер сілкінісін тіркеді. Шкала бойынша жер асты дүмпулері 2 балды құрады. Жер сілкінісінің эпицентрі Қытай аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 318 км жерде орналасқан, — делінген хабарламада.
Қалалық ТЖД мәліметінше, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.
— Қалада жыл сайын 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим болып табылады, — деп ескертті ведомство.
Бұдан бөлек, жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» АТЭТУ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.
— Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану ошақтары табылған жоқ. Қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түспеді. Жағдай тұрақты, — делінген таратылған хабарламада.