Алматыда тағы жер сілкінді

0

Алматылықтар 2 балдық жер сілкінісін сезінді. 30 қаңтарда Алматы уақыты бойынша 4 сағат 27 минутта жер дүмпуі тіркелді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 293 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.3. Магнитудасы MPV 5.8 болса, тереңдігі 10 шақырымды қамтиды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов аппарат отырысында жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарды түсіндіру бойынша халықпен жұмысты күшейту, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде бар хабарландыру жүйесін іске қосу алгоритмін жетілдіру керек екенін айтты. Сонымен қатар басқарма басшысы сейсмикалық құбылыстарды болжау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.