Алматыда тағы бір тұрғын үй қоршауға алынды

0

Қалада коронавирус жұқтырудың 11 ошағы анықталған. Әкімдік өкілдері  олардың орналасқан жері бойынша толық ақпаратты жақын арада хабарлаймыз деп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Алматы қаласының Гоголь көшесінде орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй қоршауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі оқиға орнынан.

Гоголь көшесіндегі 75 үй, Қонаев көшесіндегі 51 үймен жапсарласа орналасқандықтан, қос тұрғын үй де түнгі сағат екі шамасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан қоршауға алынған.

Италиялық жоспарлау бойынша салынған тұрғын үйдің әр қабатындағы балкондар бір жағында орналасқан әрі кіреберіс есіктері де ортақ.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы мешіттер карантин кезінде ашық бола ма?

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада коронавирус жұқтырудың 11 ошағы анықталғанын мәлімдеген болатын. Әкімдік өкілдері  олардың орналасқан жері бойынша толық ақпаратты жақын арада хабарлаймыз деп отыр.

Айта кетейік, Бабақұмаров ел аузында «алтын шаршы» атанған көп пәтерлі тұғын үйлермен қатар «Сұңқар» ТК де карантинге жабылғанын растады. Олар Достық 42 мен 42а және Қабанбай батыр 68 мекен жайында орналасқан. Аула толығымен қоршалып, төрт бақылау-өткізу пункті арқылы кіріп-шығу қамтамасыз етілуде.

Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланды.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа байланысты отыз күндік карантин енгізілді.

Қалалардың айналасында көлік қозғалысын шектейтін бақылау-өткізу пункттері қойылды. Ол жерлерде полицейлер, Ұлттық ұлан қызметкерлері, әскерилер мен дәрігерлер қызмет етіп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегі бойынша, Қазақстанда 49 адам коронавирус жұқтырды. Оның 25-і – астанада, 22-сі – Алматыда және екі адам Қарағандыда тіркелді.



sputniknews.kz