Алматыда Серікжан Біләшті қолдау акциясы өтті

0

Бүгін, 29 шілдеде Алматыда қала тұрғындары Алмат Маратұлы мен Иса Құрманбек екі адамдық пикет өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін таңертең Алматы қалалық әкімдігі ғимаратының жанына келген олар қоғамдық белсенді Серікжан Біләшті қолдап шыққан. «Серікжан Біләшұлы негізсіз айып тағылып отыр» деген олар қолдарына «Freedom for Serikzhan Bilash» («Серікжан Біләшке бостандық») деп жазылған қағаз ұстап алған.

«Серікжан қандай да бір ұлтқа немесе дінге қарсы емес. Сондықтан оған тағылған айыпты негізсіз деп есептейміз. Бүгінгі Серікжан Біләшті қолдау акциясы арқылы сотқа әсер еткім келеді», — деді Алмат Маратұлы.

Бас-аяғы он-он бес минтуқа созылған акциядан кейін оны ұйымдастырушылар кетіп қалды.

Шілденің 29-ы күні Нұр-Сұлтан қаласында Алматы аудандық №2 сотында тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (құжат бойынша — Бияш) ісі бойынша сот басталды. Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылықтың қысымға ұшырағаны туралы мәселе көтерген белсендіге «алауыздық қоздырды» деген айып тағылған.

Дүйсенбі күні сот ғимаратына Серікжан Біләшті қолдауға көп адам жиналды. Олар сот өтіп жатқан залға симай, дәлізде тұруға мәжбүр болды.

Тергеу орындары Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биыл наурыз айында Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен қамауға алынып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген Біләш бастапқыда тергеу изоляторында болды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды. Сот Біләштің өзін қолхатпен босатуды немесе үйқамақты тұрғылықты жері — Алматы қаласына ауыстыруды сұраған өтінішін қанағаттандырмады.

Azattyq