Алматыда «сайлауға байланысты акция өткізген» белсендінің ұсталғаны хабарланды

0

Сәуірдің 21-і күні ​таңертең Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің бас директоры Ирина Медникова Almaty Urban Air жобасының авторы, белсенді Әсия Төлешованы полиция ұстап, Бостандық аудандық полиция басқармасына әкеткенін хабарлады.

«Asya Tulesova-ны достарымен бірге марафонда ұстап, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына апара жатыр. Заңгер керек. Журналистер де қажет» деп жазды Медникова Facebook-тағы парақшасында.

Әлеуметтік желіде Төлешоваға ұқсас адамның «От правды не убежишь» (Шындықтан қаша алмайсың) деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны туралы сурет тарады. Ирина Медникованың айтуынша, оны осы акция үшін ұстаған болуы мүмкін. Facebook-та тараған тағы бір видеодан Әсия Төлешова мен Сүйінбике Сүлейменованың полиция көлігінде отырғаны, полиция қызметкерлерінің олардан аты-жөндерін сұрап жатқаны көрінеді.

Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөлімінде отырған қызметкер Азаттық тілшісіне «әзірге ұстау туралы ешқандай ақпарат түспегенін» айтып, кейінірек хабарласуды өтінді. Әсия Төлешованың телефоны да жауап бермей тұр.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.

Azattyq