Алматыда референдум күні митингке шыққан белсенді Әсет Әбішев айыппұл төледі
Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы өткен референдум күнінде Алматыда ұсталған белсенді Әсет Әбішев әкімшілік жауапқа тартылды. Сот оған 50 АЕК – 184 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосы порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, әкімшілік сот белсенді Әбішевті «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп таныды.
6 қазанда кешке ұсталған белсенді желідегі парақшасына видео жариялады.
«Facebook-тегі парақшамда жарияланған құқықбұзушылық бойынша әкімшілік сот өтті. Ол Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға келген кезде жарияланған «Алға, Қазақстан» партиясының мәлімдемесі. Ол жерде жиынға, наразылыққа шақыру туралы сөз болмаған. Бірақ судья бір минутта дайын тұрған қаулыны басып шығарды», – деді Әбішев.
Ал ер адамның ұсталғанын 6 қазанда ActivistsNotExtremists тобы хабарлаған. Топ Әбішевті референдум учаскесіне бара жатқанда ұстап әкеткенін айтады.
Оның айтуынша, полицейлер оны «ұрлап» әкетіп, артынан референдумға дауыс беруге апарған. Сосын оған «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (488-бап 7-бөлігі) деген айып таққан.
«Осы жерден мені сотқа – Бостандық аудандық полициясына қайта әкететін сияқты», – деді ол видеода.
Әбішевтің былтыр Facebook-тегі жазбасы тергеуге себеп болған. Онда 2023 жылғы 1 қарашада Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапары күні «Алға, Қазақстан!» қозғалысының белсенділері Астанадағы Франция елшілігі алдында наразылық акциясын өткізбек болған.
Хабарландыруды олар әлеуметтік желіге күні бұрын таратқан. Бірақ елшілік алдында күзет күшейтіліп, акцияға рұқсат етілмеген. Сол күні «Алға, Қазақстан» белсенділері Әсет Әбішев пен Айжан Ақышева ұсталған. Ұйым Макронға үндеуінде «Қазақстандағы адам құқықтарының шынайы бейнесін көрсеткіміз келеді» деп айтты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда АЭС салуға қарсы қарсылық білдірген бес адам екі айға қамауға алынғанын жаздық.Белсенді Абзал Достиярдың сөзінше, қамауға алынғандар арасында Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов бар екен. Қамауға алынғандардың үшеуі қарт, ал Нұрлан Темірғалиевтің денсаулығында ақау бар.