Алматыда қызын сотқа берген қарияның ұлы әкесі жайлы шындықты айтты
Қысқа сілтеме алу
Бұған дейін алматылық зейнеткердің «өзіне қарамай кеткен» қызынан алимент талап етіп, сотқа бергені хабарланған еді
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Алматылық қария үш баласының ешқандай көмек бермей отырғанын айтып шағымданып, сот арқылы қыздарының бірінен алимент талап еткісі келген еді. Зейнеткердің ұлы бұл жайтты басқа қырынан баяндап берді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
«30 жыл бойы бағып-қақтым, өзі бөлек тұрып жатса да, киім-кешегіне дейін алып беретінмін» деген қарт қызын таяқпен ұрып, аяғы ауыр кезінде үйден қуып шыққан болуы мүмкін. Қадыр Нөкиннің ұлы – Арман телеарна эфирінен әкесі туралы жаңалықты көріп қалып, қатты ашуланып, шындықты айтуға бел буыпты.
Оның сөзіне сүйенсек, Қадыр Нөкин үлкен қызына үнемі қатал қарайтын, тіпті қатыгездік жасаған кезі де болған екен.
«Үйде әпкеме арналған шаңғы таяғы болушы еді. Шалыс басса болды, сол таяқпен ұратын. Шаңғы таяғын көргенде, әпкемнің зәре-құты қалмайтын», — дейді Арман Нүкин.
Арманның айтуынша, әкесі ұрып-соғып қана қоймай, қызын үйден бірнеше мәрте қуып жіберген екен. Соңғы рет бұл жайт Иринаның 24 жасында болыпты. Ол кезде Ирина тұрмыста, Қадыр Нөкиннің тұңғыш жиеніне аяғы ауыр еді.
«Жүкті әпкеме аузына келгенін айтып, үйден қуып шықты: «Шық, қане, үйімнен! Аштан қатып, бастарыңа күн туғанда, алдыма өздерің келесіңдер, кешірем бе, жоқ па – сол кезде көремін, — деп айғайлады», — деп еске алады Арман.
Содан соң жас жұбайлар жалдамалы пәтерде тұрып, кейінірек Иринаның күйеуіне Мексикада бапкер болуға ұсыныс түседі, әрі қарай жұмыс бабымен АҚШ-қа көшеді.
Қария балаларымен өзі араласпай кеткен екен. Арманның айтуынша, әкесімен 19 жылдан соң шаңғы трамплинінде кездесіпті, бірақ ол баласын танымай қалыпты.
«Амандасып едім, амандасты. Сосын езу тартып, күлді де, кете барды. 2-3 күннен соң тағы трамплинге келді, бапкер «Мынау Арман, сенің балаң емес пе» деп мені шақырды. Ал әкем маған аңтарылып қарап: «Сенсің бе не?», — дейді», — деп жалғастырды Арман.
Арманның айтқаны рас болса, Қадыр Нөкиннің үлкен қызынан алимент талап еткен арызы қанағаттандырылмайды. 78 жастағы қария ата-ана құқығынан айырылуы да мүмкін.
«Кезінде ата-ана баласына дұрыс көңіл бөлып, ата-ана міндетін атқармаса, сотта бұл міндетті түрде ескеріледі. Куәгерлер келіп, бізді ұрды, үйден қуды, тамақ бермеді, жиырма жыл бойы көрмедік деп айта алады», — дейді заңгер Станислав Лопатин.
Бұдан бөлек, заңгерлердің айтуынша, Қадыр Нөкиннің табысы есептеліп, қаржылық жағдайы шынымен қиын ба екені тексеріледі.
sputniknews.kz