Алматыда қырғыз белсендісі Шырын Айтматованың күйеуі ұсталды. Оқиғаның анық-қанығы

0

Айтматова желтоқсанның 20-сы күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне күйеуі Сырғақ Кенжебаевтың Алматы әуежайында ұсталып, Бішкекке қайтарылғанын айтты.

Kloop.kg сайтының дерегінше, Айтматова отбасымен бірге шешесін емдету үшін басқа елге ұшпақ болған. Айтматова мен анасы Алматы арқылы ұшып, сол жерде оларға Сырғақ Кенжебаев қосылуы тиіс болған. Бірақ Алматыға ұшып келгенде Кенжебаевтан «мені ұстады» деген хабарлама түскен, ізінше телефоны өшіп қалған. Шырын Айтматованың айтуынша, Air Astana әуе компаниясы күйеуінің тіркеуден өткенін, бірақ ешқайда ұша алмайтынын жеткізген. Белсенді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұраған. Бірақ Тоқаев тарапынан Айтматованың өтінішіне жауап болған жоқ.

— Қандай да бір ел бір азаматқа айып тақса, Қазақстан айыпталған адамды бірден кері қайтармайды. Қырғызстан тарапынан өтініш хаты келуі керек. Одан кейін прокуратура өтінішті қарауы тиіс. Содан соң экстрадицияланады. Бұл жерде (Сырғақ Кенжебаевтың жағдайын айтады – ред.) анық емес. Ол өзі келіскен болар. Нақты құжат көру керек, — деді қазақстандық құқық қорғаушы.

Азаттық ҰҚК Сырғақ Кенжебаевтың Қазақстаннан қалай шығарылғаны жайлы ақпарат сұрап, ресми хат жолдады. Хатқа жауап әлі келген жоқ.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Кенжебаевтың «Алаяқтық» айыбымен күдікке ілінгенін мәлімдеді. Кенжебаев қазір Бішкектегі МҰҚК қамау изоляторында отыр.

Комитеттің мәлімдеуінше, Кенжебаевтың үстінен М.М. есімді ұлты ұйғыр, Қытай азаматы шағым түсірген.

Желтоқсанның 20-сы күні Бішкекте қытай бизнесмені Моталиф Маматамин (құжаттағы аты — Мотайлифу Маймайтяминг) баспасөз мәслихатын өткізіп, «Кенжебаев алдап 350 мың доллар ақша алды» деп мәлімдеді. Ол Қырғызстанға «Қауіпсіз қала» жобасының тендеріне қатысу үшін келгенін айтты. Тендерді Қытайдың Shenzhen Sunwin Intelligent Co. Ltd. компаниясы ұтқан. Кәсіпкердің сөзінше, ол Асқар есімді досы арқылы Сырғақ Кенжебаевпен танысқан. Кейін Кенжебаев пайданың 15 пайызын алатын болып келіскен.

Моталиф Маматамин (оң жақта) және адвокаты Жанара Асқарқызы Бішкектегі баспасөз мәслихатында отыр. 20 желтоқсан 2019 жыл.

Моталиф Маматамин (оң жақта) және адвокаты Жанара Асқарқызы Бішкектегі баспасөз мәслихатында отыр. 20 желтоқсан 2019 жыл.

«Қарашада тендер аяқталды. Біз өз жұмысымызды істеп, 600 мың доллар алуымыз керек еді. Сырғақ Кенжебаев алдап, 350 мың долларды, паспортымды алып кетті. Төлқұжатымды қайтарды, ақшаны қайтарған жоқ» деді.

Кейін Маматаминнің адвокаты Жанара Асқарқызы журналистерден Кенжебаевтың Шыңғыс Айтматовтың күйеубаласы екенін біліп, бірден баспасөз мәслихатын асығыс түрде тоқтатты. Асқарқызы Шырын Айтматовамен таныс екенін жеткізді.

Айтматова – жемқорлыққа қарсы «Умут-2020» ұйымын құрған. Әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қызы. Ол құрған «Умут-2020» ұйымы ел билігінен Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің кедендегі жемқорлық зерттеуіндегі айтылған деректер бойынша іс қозғауды талап еткен.

Жақында Азаттықтың Қырғыз қызметі, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайты Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы ірі зерттеу материал жариялаған. Бұл зерттеуде Қырғызстан кеден қызметінің бастығының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың да аты аталады.

Айтматова соңғы уақытта жемқорлық туралы жиі жазып, Бішкектегі жемқорлыққа қарсы акцияларға белсене қатысып жүр. 6 желтоқсанда мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов оның үстінен сотқа шағым түсірген.

Azattyq