Алматыда Құсбегіліктен II ашық Азия чемпионаты өтеді

0

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ТІКА» түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының, «Қыран» федерациясының ұйымдастыруымен өтетін Құсбегіліктен II Азия ашық чемпионатына онға жуық мемлекеттің командалары қатысады. Қазақстанның өзінен жетпістен астам құсбегі бақ сынамақ. Ал, алыс-жақын шетелдерден жарысқа қатысатын құсбегілер саны жиырмадан астам.

Қиядағы түлкінің қиыстай қашқан бағытын қас қаққанша аңдайтын қыран құстың қырағылығы қандай? Қайың балдақты теуіп ұшып, зау биіктен құйыла сорғалап, көздеген жеміне шүйіліп түсетін көріністен асқан керемет бар ма? Алғыр бүркіттің алпыс айлалы түлкіні таңынан іліп талдырып, тұмсығынан тұмшалап, бауырына бүктей басқан ғажап сәтті көрген көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Қағылез бітімді қаршыға мен сұңқардың, ойнақшыған ителгінің оқтай зуылдап ұшқанын, қоян мен кептерді қуалап ұстағанын тамашалаудан асқан демалыс болар ма?

Алатаудың баурайында құсбегілердің осындай бір ғажап бәсекесі ту көтермек. Бұл бірнеше мемлекет құсбегілерінің елімізде екінші мәрте бақ сынауы.

Қазіргі кезде, Венгриядан Олажос Ксаба Денес, Зентпетери Левент; Словакиядан Канат Ярослав және Канат Ярославович Ярослав; Италиядан Лорензо Гарруто; Испаниядан Дантел Бадахос Чапарро, Хуан Жесус Барриос Бернабе; Түркиядан Гөкнан Калмыш, Бахаттин Джейлан; Ресейден Козлов Владимир Николаевич, Гуриненко Александр Владимирович, Поляков Антон Владимирович; Монғолия Серік Жеңісбек, Нарау Жанболат, Закария Сайлаухан (жетекшілері Ром Әуесхан); Өзбекстаннан Цой Денис, Илхомжон Джураевтың чемпионатқа қатысу өтінімдері келіп түсті. Сондай-ақ, жарысқа Шотландия, Чехия, Қырғызстан мемлекеттерінен бірнеше құсбегілер қатысады.

Бүркітті шырғаға түсіру, түлкі мен қоянға салу, қаршыға, сұңқар, ителгімен қоян, кептер ұстау, ителгіні далбайға ойнату – Құсбегіліктен II Азия ашық чемпионатының ең қызықты бәсекелері.

Еске салып өтсек, 2013 жылы Астана қаласында бүркітшіліктен дүниежүзілік фестиваль ұйымдастырылса, 2017 жылы Көкшетау қаласында құсбегіліктен І Азия чемпионаты өткізілді.

Қыран құстардың қызықты бәсекесінен қапы қалмаңыз, ағайын!

Құсбегіліктен II Азия ашық чемпионатының

БАҒДАРЛАМАСЫ

29 қараша
Чемпионатқа қатысушы
спортшы-құсбегілерді аккредиттеу.
Жеребе тарту.
Төрешілер алқасының отырысы.

30 қараша
10.00-10.30 Дайындық кезеңі.
10.30-11.00 Құсбегілердің жарысқа қатысу дайындығын сынау. (Ұлттық киім үлгісі, қыран құстарға қажетті құрал-жабдықтарды
түгендеу).
11.00-14.00 Іріктеу жарысы.
1) Қыран құстарды қолға шақыру.
2) Еркін ұшыру.

14.00-15.00 Түскі үзіліс
15.00-17.00. Іріктеу жарысының жалғасы
1. Бүркітті шырғаға салу.
2. Сұңқарларды далбайға шақыру
17.00-17.30 Жарысты қорытындылау.

1 желтоқсан
10.00-13.00 Жартылай финал. Еркін аң аулау. Бүркітті қоянға салу.
13.00-14.00 Түскі үзіліс.
14.00-15.00 Аңшылыққа қажетті құрал- жабдықтардың көрмесі.
«Жігіттің жеті өнері». Құсбегілердің ат үстіндегі шеберлігі,
ептілігі, ұлттық ойындардағы белсенділігі (аударыспақ, көкпар, садақ
ату, қыз қуу т.б.).
15.00-16.00 Қаршыға, сұңқарларды кептерге, қырғауылға салу.
16.00-16.30 Жарысты қорытындылау.
17.00-19.00 «Қазақ өнері» Шеберлер Орталығында дәстүрлі ән-күй өнерпаздарының
қатысуымен «Жігіттің жеті өнері». Құсбегілердің ұлттық өнердегі
белсенділігі (шығармашылығы, ұлттық музыкалық аспапта
ойнау, ән-күй орындау шеберліктерін тамашалау).

2 желтоқсан. ФИНАЛ.
10.00- 10.30. Чемпионаттың Салтанатты ашылуы.
10.30-15.00 Еркін аң аулау. Бүркітті түлкіге салу.
Қаршыға, сұңқарларды қоянға салу.
15.00-16.00 Жарысты қорытындылау. Чемпионаттың салтанатты жабылуы.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ