Алматыда қоқыс жинаушының әйелі не істерін білмей отыр

0

Алматыда соққыға жығылған қоқыс жинаушының әйеліне қысым жасалып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз — Sputnik. Алматыда басбұзарлардан таяқ жеген қоқыс жинаушының енді әйеліне қоқан-лоққы жасалып жатыр. Бибігүл Әлішерова өзіне біреулердің қоңырау шалып, күйеуін өлтіріп, ал өзін зорлап кетеміз деп қорқытқанын жеткізді.

Балағат сөзге толы әңгіме жазылып та қалған. Ал осы оқиғаға қатысты бүгін алдын ала сот процесі басталуы керек болатын. Бірақ, басты күдіктінің адвокатының келмеуіне байланысты, іс басталмай жатып, кейінге қалды.

Қоқыс тазалаушы жігіттің жанайқайы: «дәрігерлер 6 айдан кейін өлесің деді»

Үстінен іс қозғалып жатса да, күдіктінің ойында он тиын жоқ. Екі қолы қалтада, ал аузында сағыз. Тек оның өзі ғана емес, адвокаты да сотқа немқұрайлы қарайтын сияқты. Олай дейтініміз, «сот отырысы болады» деп 10 күн бұрын хабарланғанына қарамастан, қорғаушысы «қолым бос емес» деп судьяға сәлем айтып жіберді.  

«Сот алдында жауап беремін деп ойламадым» деген күдіктінің сөзіне судья да, прокурор да таңғалды. Ал жігіттің шашбауын көтеріп келген туыстары ұлдарының кінәсіздігін айтып, сот алдында шатақ шығарды. 

«Сіздерге сенсация ғана керек пе? Неге менің баламның төбелесуге емес, ажыратуға бара жатқанын көрсететін видеоны салмайсыздар? Тек соңын саласыздар. Неге?».

Айтуларынша, ұлдары керісінше төбелескендерді ажыратып жүр екен. Ал оңбай таяқ жеген қоқыс жинаушы оның жұдырығына өзі кез болған. Таспадағы төбелесті өздерінше талдаған тарап сұхбат беруден бас тартты.

«Еш саспай тұр. «Ештеңе істеген жоқпын, не істей аласың?» дейтін сияқты көрінді. Енді білмеймін. Бірақ бірінші сот бұлай болады деп ойлаған жоқпын», — деп атап өтті Бибігүл Әлішерова.

Зардап шеккен Сырлан Омаровтың әйелі өзін қоярға жер таппай жүр. Оның айтуынша, өзіне де әлдебіреулер сес көрсетіпті. Түн ортасында қоңырау шалғандар күйеуі екеуінің де жазасын беретінін айтқан. 

«Маған неше түрлі балағат сөз айтты. «Күйеуіңізді өлтіріп, контейнерге салып кетемін. Тағы өзіңді көрген жерімде зорлап кетемін. Қолыңнан не келеді?» деді. Менің аузыма тіпті сөз түспей қалды. Көзіме жас тығылды. Ары қарай не боларын білмеймін енді. Кәдімгідей қорқып қалдым. Мен шок болдым. Мұндай жағдай басымыздан өтпеген. Анандай сөздер сүйегімнен өтіп кетті, шыны керек», — дейді Бибігүл Әлішерова.

Күйеуін таяқтаған күдіктілер бостандыққа жіберілген күні келіншек ұялы телефонына дыбыс жазатын қосымша орнатып алған. Соның арқасында бұзақылардың әңгімесі жазылып қалған. Сотты тоқтатуды талап етіп, қоқаң-лоққы көрсеткендерді қазір полицейлер анықтап жатыр.



sputniknews.kz