Алматыда қоғамдық тамақтанудың жеті нысанында адамдар уланған
2018 жылғы 26 желтоқсан 19:10 166
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматылықтар жеті қоғамдық тамақтану нысанында, соның ішінде Hardee’s фаст-фуд желісінде уланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің (ҚДСД) басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы ҚДСД басшысының дерегі бойынша, жеті улану жағдайы «Терраса», «Узбечка», Ценсазия» дәмханаларында, «Лағманхана №1» асханасында «Алматы ролл» жеткізу орталығында, буфетте және Dostyk Plaza сауда орталығындағы «Hardee’s» жылдам тамақтану фаст-фуд желілерінде болған.
«Тексеру нәтижелері бойынша, аталған нысандарда тамақты әзірлеу технологиясы сақталмағаны анықталды. Олар азық-түлікті дұрыс сақтамаған және қайдан сатып алынғаны белгісіз», — деді Айзат Молдағасымова.
Соған қарамастан ведомство басшысы азық-түліктік токсикоинфекцияның 26%-ға төмендегенін атап өтті. Былтыр 68 жағдай тіркелсе, биыл 53 болған.
Алматы ҚДСД-ға 303 шағым түссе, соның 63-і азық-түлік сапасына байланысты болған.
«Оның ішінде 18 шағым тамақты сапасыз дайындауға байланысты түскен. 4 жағдайда шыбын-шіркейлер және белгісіз заттар табылған. Олардың ішінде «Оптовый клуб» ЖШС гипермаркеті, «Лағманхана №1» асханасы, «ПерекуСити Микс», «Mysato» дәмханалары бар», — деп түсіндірді ведомство басшысы.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2 млн 669 мың теңге сомасына айыппұл салынып, 65 ұйғарым берілген. 6 материал әкімшілік және экономикалық сотқа берілді. Жалпы, 2018 жылы Алматыда 3582 нысан тексерілген.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz