Алматыда қисайған үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын — Қазақстан жаңалықтары
Алматыда қисайып кеткен үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Екі айдан кейін тұрғындар өз үйлеріне орала алады. Қазіргі таңда олардың жалдап тұрып жатқан пәтерақысын әкімдік төлеп жатқан көрінеді. Алайда елге танылған көпқабатты үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстары біткен соң қауіп расымен сейіледі ме деп алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Еске салайық, Алғабас ықшам ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірі 31 сантиметрге дейін қисайып кетіпті. Мамандар жөндеу жұмыстары ақпан айында басталып, аяқталудың аз-ақ алдында екенін айтады. Бұған қоса олар жөнделген үйдің қауіпсіз екенін атап өтті.
Шу шыққаннан кейін ықшам ауданның аты Зерделі деп өзгертіліпті. Қисайған үйді жөндеу 4 кезеңмен жүргізілген
«Қалпына келтіру жұмыстары ақпанда басталды. Қазір соңғы кезең – үйді нығайту, тіктеу жұмыстары аяқталды. Бірінші кезеңде үйді айнала іргетастың деңгейінен төмен фильтрге қарсы экран орнатылды. Екінші кезеңде бір қатарда тұрған № 179, 178, 177 үйлердің арасын бөлетін экран орнатылды. Үшінші кезеңде үйдің қисайған жағына қарама-қарсы тұсынан топырақ алынып, үйдің қабырғасы тіктелді. Гидравликалық бақылауларға сәйкес үйдің вертикалды негізі тіктелді. Төртінші кезеңде үйдің іргетас тақтасына байланыстыра отырып, үй периметрі бойынша қадалар орнатылды. Қазір үй түбіне су кетпес үшін топырақ алынған тұстар толтырылып жатыр», — деді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.
Қайта қалпына келтіру жұмыстары 9 маусымда аяқталады екен. Содан кейін үйдің шатыры мен ішкі құрылымы бір жыл бойы бақылауда болады. Жалпы алғанда құрылысқа 216,5 млн теңге бөлінген.
Атап кетерлік жайт, 9 қабатты үй 2013 жылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша эксплуатацияланыпты. Бұл ғимаратта барлығы 72 пәтер орналасқан. Қазіргі таңда жарты жылдан бері қисайған үйдің тұрғындары басқа жақтарда пәтер жалдап тұрып келеді екен. Олардың пәтерақысы мен коммуналдық шығындарын қала әкімдігі өтеп жатқан көрінеді.
Қисайған үйде үш баласымен бірге тұрған Ботагөз Садуақасова баспанаға қайта оралуға дайын екенін жеткізді. Алайда оның қойып отырған талаптары бар сыңайлы.
«Мемлекет тарапынан бізге жеңілдік жасалып, пайыздары төмен, алғашқы жарнасыз тағы бір рет үй сатып алуға мүмкіндік берсе ғана қайта оралуға әзірмін. Әрине, қорқынышымыз әлі сейілген жоқ», — дейді Ботагөз Садуақасова.
Мамандардың сөздерінше, көпқабатты үй тұрғызылған кезде дөрекі қателіктер жіберілген. Соның салдарынан ғимарат бір жаққа қарай қисайып кетіпті. Үйдің іргетасына су кетіп, оның астынан қоқыс табылған. Бұған қоса арық жүйесі де дұрыс орнатылмаған. Билік алдағы уақытта құрылысты жүргізген ұйымнан кеткен ақшаны өндіріп аламыз дейді. Полиция аталған жайт бойынша іс қозғапты. Егер кінәлі азаматтар анықталса, олар 5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, екі жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
stan.kz