Алматыда қатерлі ісікке шалдыққан ананың төрт баласы аш отыр

0

Ауыр дертке шалдыққан алматылық Ләззат Алдаберген өзінің мүгедектігі мен балаларына берілетін жәрдемақының ақшасын жалдамалы баспанаға төлейді. Өлместің күйін кешіп жатқан тағдырлы ана жергілікті биліктен көмек сұрағанымен, Алмалы аудандық әкімдігі 5 келі вермишель, сұйық маймен ғана шығарып салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

44 жастағы Ләззат өзінің қатерлі дертке шалдыққанын былтыр қазан айында бір-ақ білген. Одан бір жыл бұрын екі рет тексерілгенде дәрігерлер қауіптенетін түк жоқ екенін айтып, шығарып салған екен. Ауру жанына батса да төрт баласын асырауды ойлаған жас ана қауіпті дерт анықталғанға дейін жұмыс істеп жүре берген.

«4 рет химиотерапия курсынан өттім. Әбден әлсіредім. Шашым түсіп жатыр. Үш жерге барып анализ тапсырам, ешкім алып кетпейді, бәріне бару қиын болса да шыдауға тура келеді. 2019 жылы Ақтауда және Алматыда екі рет дәрігерлерге қаралып, скрининг жасағанда саусың деген. Былтыр әкем қайтыс болғанда уайымдағаннан болса керек, бірден ауру асықынып, қауіпті обырдың 4-ші сатысына жеткені анықталды.

Қазір ауруханаға барғанда қасыма 8 жастағы ұлымды ертіп алам. Балаларым бірден есейді. Қосылып жылай береміз. Өзімнен бұрын баспанасы жоқ, кішкентай балаларымды ойлап жылай берем. Иммунитетті көтеретін балық, ет, арасында көкеніс сынды жемістер же дейді дәрігерлер. Оны алатын ақша қайда? Жәрдемақыға 46 мың, 2-топтағы мүгедектік үшін 56 мың теңге алам. Ол ақшаны пәтер ақысына төлеймін, осы үйге ай сайын жүз мың теңге береміз. Тамаққа, балаларыма қажетті киім, өзге де тұрмыстық дүниелерге ақша жоқ. Ауру әбден асқынды. Баспанасыз балаларымың ертеңгі күйі не болады деген ой іштен жеп барады», — деді үйінде төсек тартып жатқан Ләззат Алдабергенова.

Ләззатттың екі қыз, екі ұлы бар. Үлкені 16-ға толса, кішісі 5 жаста. Өзі Атыраудан 3 жыл бұрын отбасымен бірге жұмыс іздеп Алматыға келген. Содан бері әлі пәтер жалдап келеді. Күйеуі Ресейдің Орынборынан. Екі елдің ортасында жүрген отағасы әйелінің қауіпті дертке шалдыққанын білгенде оны бірден тастап кеткен.

Ананың жүзіне жәутеңдеген балалары үнемі ашқұрсақ. Айт кезінде қайырымды жандар әкелген азық таусылып, тамақтан тек вермишель ғана қалған. Оны да балалар жеуден жалықты дейді Ләззат.

Анасын ауруханаға сүйрелеп жүрген батыл Байсал болса екі күн бұрын 8 жасқа толған. Ол спорттық гимнастикамен өз бетінше көшеде айналысады. Секцияға баруға мүмкіндік жоқ. Інісі Мұхамедәли болса 5 жаста. Ол да анасының ауыратынын біледі.

«Ең бірінші арманым – анам жазылып кетсе деймін, жанымда болса екен деймін. Сосын телефоным мен компьютерім болса екен», — дейді 5 жасар бала.

Байсал болса спорттан үлкен жетістіктерге жетуді армандайды.

«Хабибпен кездескім келеді. Жақында дзюдодан үшінші орын алдым. Гимнастикамен де айланысып, түрлі трюктер жасай алам. Анам жазылса екен деп армандаймын, Сосын спортпен айналысатын үйірмелерге барғым келеді», — дейді Байсал Алдабергенов.

Тағыдырдың ауыр тәлкегіне ұшыраған Алдабергеновтер отбасы жоқшылықпен де, меңдеген ауыр дертпен де тоғыз айдан бері күресіп келеді. Жандары қысылғанда әкімдіктен көмек сұраған. Алайда, Алматының Алмалы аудандық әкімдігі тек сұйық май және вермишель берумен ғана шектелген. Отбасына шенеуніктер көмектеспесе де қайырымды жандар анда-санда қол ұшын созады.

«Бұл отбасының өте қиын жағдайға қалғанын танысым арқылы білдім. Үйдің жалғыз тірегі – аналары аурумен күресіп жатыр. Ол дертті жеңсем, балаларымның ер жеткенін көрсем деп армандайды. Біз жиі келмесек оңашада өзін тастап жібереді. Рухтандырып, үміт беретін сөздермен демеген боламыз. Өзін демейтін кітаптар әкелдік. Балалар Байсалдың туған күнінде торт тұрмақ, тойып тамақ та іше алмаған екен.

Біздегі химиотерапия өте улы, Германияда емделсе, ел көмек берсе деп үміттенеміз. Ләззат балаларының жеке баспанасы болғанын қалайды. Қол ұшын беретін адамдардан көмек сұраймыз. Екі үлкен қызы 9 және 11 сыныпқа көшті. Балаларының болағашына алаңдайды. Қазір жаз келді, мерекелік күндер көп елімізде. Кіші ұлдары жеміс-жидек, йогурт сұрайды, бірақ олардың сұрағанын беруге, тойдырып тамақтандыруға мүмкіндігі жоқ. Балаларының күйзеліс пен мазасыз өмір сүруі аналарының да ауруын күшейтеді. Әкімдік қол ұшын беруге құлықсыз», — деді қайырымдылқпен айналысатын алматылық Раиса Ғалимова.

Алмалы аудандық әкімдігі жағдайды білетіндерін, кейін өздері хабарласатындарын айтып, телефон тұтқасын қоя салды. Ал, қауіпті дерттің 4-сатысына өтіп кеткен Ләззат Айдынғалиқызын алда ауыр ота күтіп тұр. Көмек қолын созам деген қайырымды жандар Ләззаттың жеке карточкасына ақша аудара алады. Kaspi Gold: +7 702 697 78 23.

«Алматыда бір компанияда жұмыс істедім, ешкімге күнімді қаратпадым. Енді аяғыма тұрайын деп жүргенде осындай диагнозды қойды. Химиядан соң тағы тексеруден өтіп жатырмын. Ауырғанымды естіген әкем көтере алмай қайтыс болып кетті. Қатерлік ісік анықталған соң биыл наурыз айында жұмысқа жарамсыз деген 2-топтағы мүгедектік құжатын алдым.

Байсал тез есейіп кетті, ұлым мен қызым кезек кезек ауруханаға апарады. Осы балаларымды уайымдаймын. Кім ойлаған бұндай болады деп? Тамақ бір күні бар, бір күні жоқ. Балапандарымның жеке пәтері болса екен деп армандаймын. Ертең бармын ба, жоқпын ба, білеймін ғой. Бірдеме боп қалсам мына балалар кімге керек?», — деді көз жасына ерік берген Ләззат Айдынғалиқызы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы