Алматыда қар тазаланбаған кезде аудан әкімі орынбасарларына қоңырау шалуға болады

0
Алматы көше қар тазалау техника
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі қаланың коммуналдық қызметінің алдағы қысқа дайындығын тексерді. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Бауыржан Байбек қала тұрғындарының қарды уақытында тазарту туралы өтініштеріне шұғыл назар аудару үшін барлық ауданда жедел желі мен учаске бастықтарының, аудан әкімдері орынбасарларының байланыс нөмірі жазылған ақпараттық стенд орнатуды тапсырды. Бұл ақпарат интернетте де ашық жарияланады.

Әкім қаланың тротуарлар мен аула ішін жедел тазартуда ПИК-тердің жұмысын барынша күшейтуді ескертті. Бұдан былай осы іске жауапты мердігерлік ұйымдардың жұмысын табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бақылайды.

Алматы көше қар тазалау техника
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қаланы реконструкциялауға байланысты жаңарған даңғылдар мен көшелерде арнайы техника, оның ішінде көпфункциялы Pony машиналары, минижүктиегіштер, жеңіл тракторлар жұмыс істейді. Ал жұмысшылар төселген заттарға еш ақау түсірмейтін арнайы құралдарды пайдаланады, – деді басқарма бастығы Әсет Масабаев.

Оның айтуынша, қалада қардан тазартылатын жолдың жалпы ауданы – 20 миллион шаршы метр. Көшелерді қыста 13 мердігерлік ұйым, 1285 арнайы техника тазартады. Жол тазалайтын жұмысшылар санын 1700-ден 3200 адамға жеткізу жоспарланып отыр.

Алматы көше қар тазалау техника
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Аудандар бойынша өндірістік базалар құрылған, бұл қар тазалауды 1,5 есе жеделдетеді. Жұмысшылар дислокациясы жанына модульдік контейнерлер қойылады, олар сол жерде киініп, жылынып, ыстық ас ішеді. Полициямен және құтқару қызметімен бірге эвакуатор кезекшілігі ұйымдастырылады және сыпыру-жинау техникалары қатар жүреді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!