Алматыда қаңғыбастар үшін әуежайдағы орындықтарды алып тастаған

0

Алматыдағы халықаралық әуежайда орындықтарды алып тастаған. Әуежайдағылар мұның себебін түсіндіріп берді. Оған тұрақты мекен жайы жоқ жандар мен таксистер себеп болған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Сурет: Facebook/Ирина Смирнова

Facebook желісінде Ирина Смирнова есімді қолданушы әуежайда шабаданның үстінде отырған жолаушылардың суретін жариялап, ғимаратта орындықтардың алынып тасталғанын айтты.

«Біздің Алматыдағы әуежайда өзгеріс. Күту залындағы барлық орындықты алып тастаған. Халықаралық стандарт дейді. Білмеймін. Көптеген елде болдым. Барлық жерде отыратын орындық бар. Ал егер рейс кешіктірілсе ше? Клиенттерге жағдай жасау қайда?» — деп жазды ол. 

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайдың жалпы аумағына кез келген адам кіре алады. Осылайша, жолаушылар мен шығарып салушыларға қолайлы болуы үшін, әуежай басшылығы күту залында әуежайға және әуе компаниясына қатысы жоқ адамдардың болуын шектеуге тырысуда. 

Сонымен қатар баспасөз қызметіндегілер аталған шара халықаралық тәжірибеде бар екенін атап өтті. Адам әуежайға келіп, бірден тіркелуге барады. Артынша ұшаққа отырғанға дейінгі уақытты ұшу аумағында өткізеді. 

«Орындықтарды расында да алып тастадық. Алайда тек бірінші және екінші қабаттардағы жалпы аумақта. Бұл кез келген адам кіре алатын аумақ. Онда жолаушылар мен шығарып салушылардан басқа, таксистер мен тұрақты мекен жайы жоқ адамдар кіре алады. Ал оларға жиі шағымданып жатады. Шұлығы таза емес ер адамдар жатады… Жолаушылар рейсті, клиенттерді күтіп отыратын таксистерге де шағымданады», — дейді әуежайдың баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, баспасөз қызметі жолаушыларды тіркеу аумағындағы орындықтардың алынып тасталмағанын жеткізді. 

«Тексеруден өтіп, тіркелген жолаушылар ұшаққа отырар алдындағы уақытты қолайлы жағдайда өткізе алады. Наразы болған адамдар бар. Алайда көбі рейске алдын ала, онлайн тәртіпте тіркелуге болатынын ұмытып кетеді. Әуежайға ерте келіп, жүкті өткізіп, қолайлы жағдайда рейсті күтуіне болады. Шағымдарды ескеріп, осылайша әуежайда жолаушыларға қолайлы жағдай жасағамыз келді. Мұнан әрі аумақты оңтайландырудың жолдарын қарастырамыз. Мүмкін тіркеу аумағын кеңейтетін шығармыз», — дейді баспасөз қызметіндегілер. 

Әуежайдың баспасөз қызметі рейс кешіктірілген жағдайда әуе компаниясына жүгініп, мұндай жағдайда жолаушыларға қандай қызмет көрсетілетінін білуге кеңес берді. 

stan.kz