Алматыда қаңғыбастар ізім-ғайым жоғалды

0
21

Қазіргі кезде Алматыдағы бейімдеу орталығында 120-дан астам адам жатыр. Олардың бәрін тексеріп, оқшаулап тастаған

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Алматыда қайыршылар мен қаңғыбастарды іздеу шаралары басталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қалада карантин енгізілгеннен кейін көшеде жүретін қаңғыбастар мен қайыршылар ізім-ғайым жоғалған. Шенеуніктер де олардың қайда кеткенін білмей отыр. Қазіргі кезде үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарды іздеу шаралары басталды. Өйткені олар қауіпті инфекцияны таратып жүруі мүмкін. Қаңғыбастар үшін арнайы ғимарат дайындалды.

«Бізге әкімдіктен Көксай кентіндегі 20 адамға арналған үй-жайды бөліп берді. Енді, өтініштер түсетін болса, біз ондай адамдарды алдымен тексеріп шығамыз. Содан кейін жатқызамыз. Карантинге дейін бізге келген адамдар көп болды. Біз олардың бәрін қабылдадық», – дейді бейімдеу орталығының директоры Харсан Таранов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Алматыдағы бейімдеу орталығында 120-дан астам адам жатыр. Олардың бәрін тексеріп, оқшаулап тастаған. Мекемеде күшейтілген жұмыс режимі енгізілді. Орталық аймағына бөтен адамдарға кіруге тыйым салынған.

Нұр-Сұлтанда індетке шалдыққан 6 адам ауыр хәлде жатыр

«Алайда қала бойынша әлеуметтік қызметкерлердің мобильді тобы жұмыс істеп жүр. Олар күнде иесіз тұрған нысандар, саябақтар мен жылу желілерін аралап, қаңғыбастарды іздейді. Әзірше, ешкімді таппады», – деп атап өтті Таранов.

Шенеуніктердің болжамы бойынша үйсіз жүргендер карантинге дейін қала аумағынан шығып кетуі де мүмкін. Жалпы, Алматы бойынша нақты тұрғылықты жері жоқ азаматтардың саны 200-ден асқан.



sputniknews.kz