Алматыда қалта ұрыларының ұсталған сәті видеоға түсіп қалды — Қылмыс

0

Алматыда автобустардың біріндегі қалта ұрыларының ұсталған сәті видеоға түсіп қалды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Видео Instagram желісіндегі almaty_dtp паблигінде пайда болды. Жарияланған видеодағы кадрларға қарағанда, видео аялдамада түсірілген. Онда екі полицейдің күдіктілерді асфальтқа жатқызғаны көрінеді. Полицей ұсталғандардың бірінің қалтасынан ұрланған телефонды алып, қасында тұрған қызға береді.

Полиция департаментіндегілер бұл деректі растады. Екі күдіктінің автобустағы қыздың ұялы телефонын ұрламақ болғаны анықталды.

«Патрульдік полиция қызметкерлері Тимирязев көшесінің бойында «Жаяу жүргінші» жедел-алдын алу іс шарасын жүргізген. Олар жаяу жүргіншілердің жол бойындағы қозғалысын бақылап жүрген. Бірде автобус тоқтап, ішінен бір қыз жылап жүгіріп шықты. Ұялы телефоны ұрланғанын айтып, айғайлай бастады», — деді жол-патрульдік полиция полкының командиры, полиция полковнигі Манап Саттаров. 

Қалта ұрыларын анықтау мақсатында полицейлер автобустың екі есігінде тұрып алған.

«Автобустан тола адам шықты. Сол сәтте патруль қызметкерлері күдіктілерді байқады. Телефонды расында да екі күдіктінің алғаны анықталды. Ұрланған телефон солардың бірінен табылды. Полицейлер олар қашып кетпеуі үшін Бостандық ауданының ІІБ жедел-тергеу тобын шақырды», — деді Саттаров.  

Қазіргі уақытта біреудің мүлкін ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қызға ұялы телефон барлық қажетті процедура жүргізілген соң қайтарылады.