Алматыда қаланың үздік мұғалімдері марапатталды

0

Алматыда орта білім беретін мекемелердің 100-ден астам мұғалімдері қатысқан «Ұстаз Мәртебесі – Ұлт Мерейі» қалалық конкурсының қорытындысы шығарылды.

№159 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметова Алматының «Үздік мұғалімі» атанды, оған жаңадан ашылған №168 мектепте салтанатты түрде автомобильдің кілті тапсырылды. №140 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Нұрғалы Нұрымбетовке отбасылық демалыстың жолдамасы берілді. Бұлардан өзге бірқатар ұстаздарға дипломдар мен 500 және 300 мың ірі теңгелік сертификаттар табыс етілді. Ұстаздар арасында мұндай байқау өткізудің бастамашысы- жергілікті кәсіпкер Мұрат Әділханов, ол «Туған жер» бағдарламасы аясында осы оқу мекемесін салып берген еді.

«Мемлекет басшысының қолдауы арқасында Алматыда 117 оқу орындары салынды. Тек соңғы бес жыл ішінде ғана білім саласын қаржыландыру мегаполисте 37%-ға немесе 27 млрд. теңгеге өсті. Қазіргі кезде білім саласының инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Тек биылдың өзінде ғана құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Мен сіздерге барынша жауапты әрі қиын жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Ұстаздардың жұмыс сапасы оқушыларының түрлі байқауларда жеңімпаз атануымен және өздеріңіздің жеке кәсіби біліктіліктеріңізбен айқындалады», — деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысында бюджет қаржысы есебінен қалада тағы да 8 жаңа мектеп салынады.

Жыл басынан бері жаңарған әдіспен дәріс беруге көшкен Алматы мұғалімдерінің 70%-ының жалақысы 30%-ға өсті. Ұлттық тестілеуден өткен 1293 мұғалім 1 қыркүйектен бастап алғаш рет өздерінің қызметтік жалақысына 30 дан 50%-ға дейін қосымша үстеме алатын болады.

Бұдан өзге, мемлекет ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге қолдау көрсетуде. Биыл міне, екінші жыл физика, химия, биология,информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға өздерінің қызметтік жалақысының үстіне 200%-дық көлемде қосымша ақы төленеді.

«Қамшы» сілтейді