Алматыда қала ішінде жүруге арналған рұқсат қағаз берілмейтін болды  

0

Қала әкімдігі карантин кезінде жұмысын жалғастыратын кәсіпорындардың электронды деректер базасын құрды

АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Алматыда 7 сәуірден бастап қала ішінде жүруге арналған құжаттар мен анықтамалардың күші жойылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қалада карантин кезінде жұмысын жалғастыратын кәсіпорындардың электронды деректер базасы құрылды. Базаға қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін медицина, құқық қорғау, коммуналдық қызмет, БАҚ өкілдері, такси және жеткізу қызметтері мен мемлекеттік орган қызметкерлері енгізілді», — делінген ақпаратта.

Оқи отырыңыз: Блок бекет арқылы кіріп-шығуға рұқсат етілген азаматтардың тізімі кеңейтілді

Аталған ұйымдардан өтінімдер 2 сәуірге дейін қабылданды. Мекеме басшылары қызметкерлеріне 6 сәуірге дейін жарамды анықтамалар берген.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб бұл шешімге қала тұрғындарының түрлі форматта рұқсат қағазын көрсетуі себеп болғанын айтты.

«Қала тұрғындары түрлі форматтағы рұқсат қағаздарын көрсеткен жағдайлар жиілеп кетті. Жедел штаб ешқандай рұқсат қағаздар мен арнайы рұқсатнама берілмейтінін ресми мәлімдейді. Тек электронды база жұмыс істейді», — деді әкімдіктегілер.

Тұрғындар өзінің тізімде бар-жоғын білу үшін Алматы полиция департаментінің байланыс орталығына 254-4007 телефоны арқылы хабарласуы керек немесе business_stab@almatydc.kz электронды поштасы арқылы біле алады.

Айта кетейік, Қазақстан президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, қала бойынша шектеулер 6 сәуір сағат 00.00-ден 2020 жылдың 13 сәуіріне дейін ұзартылды.



sputniknews.kz