Алматыда парамен ұсталған экология шенеуніктері 265 млн теңге айыппұл төлейді

0

Алматыдағы экология басқармасының бірқатар лауазымды тұлғалары жемқорлық үшін сотталды.

«Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 сотының үкімімен пара алғаны үшін Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқарма басшысы орынбасарының міндетін уақытқа атқарушы М. Жексембаевқа 96 млн теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды (параның 30 еселенген мөлшері). Пара бергені үшін «Экосервис-С» ЖШС басшысы Ғ. Беркінбаев пен «Компания Стройтекс» ЖШС басшысы А. Мапаевқа сәйкесінше 73 млн астам және 64 млн теңге сомасында айыппұл салуға үкім шығарылды. Парақорлыққа делдал болғаны үшін «Eco Almaty» ЖШС менеджері Б. Рахым 32 млн теңге мөлшерінде айыппұлға сотталды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн теңгеден астам соманы құрады», — делінген Агенттік хабарламасында.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Сондай-ақ Экология және қоршаған орта басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев «Реннесанс плюс» ЖШС өкілі Ғ. Беркінбаевтан қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін бергені үшін 5 млн теңге шамасында ақшалай қаражат алды. М. Жексембаев «Компания Стройтекс» ЖШС директоры А. Мапаевтан Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының әкімшілік ғимаратының ЖСҚ әзірлеуге бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жалпы қамқорлығы үшін делдал Б. Рахым арқылы 3 млн теңгеден астам ақшалай пара алды.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.