Алматыда оқушы жаттығу кезінде есінен танып, қайтыс болды
Қысқа сілтеме алу
Он бес жастағы жасөспірім жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Сол күні ол денсаулығына шағымданбаған және барлық сабаққа қатысқан екен
НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Қайғылы оқиға Қазақ спорт және туризм академиясында баскетболдан жаттығу кезінде болған. Он бес жастағы бала спорттық жаттығу барысында есінен танып қалған. Бапкер көмектесуге тырысқанымен оқушы сол жерде тіл тартпай кетіпті.
Қазақ спорт және туризм академиясының хабарлауынша, жасөспірім оқу орнында бір жарым ай жаттыққан. Қазір педагог жұмысынан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Тағы оқыңыз: «Көз алдында өлді»: Алматыдағы трагедияның қалай болғанын қала тұрғыны айтып берді
Білім беру мекемесінің бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевтің айтуынша, жаттықтырушы тергеу шаралары уақытына қызметінен шеттетілді.
«Ол оқу-жаттығу барысында өзін жайсыз сезінген, одан кейін құлап қалған. Бапкер дәрігерлер келгенше медициналық көмек көрсеткен. Педагог бүгінгі күннен бастап жұмысынан шеттетілді», — деп түсіндірді Есқалиев.
Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем 8 минутта келген, бірақ баланы құтқарып үлгермепті.
«Бригада келіп, барлық реанимациялық шараларды жасады. Бірақ жедел жәрдем бригадасы келгенше оқушының қайтыс боп кеткенін анықтады. Жасөспірімнің неден көз жұмғаны белгісіз», — деді Алматы жедел жәрдем қызметі емдеу ісі жөніндегі директор орынбасары Шайхидин Бәдіров.
Мектеп директорының айтуынша, жасөспірім денсаулығына ешқашан шағымданбаған және қайғылы оқиға болған күні де барлық сабаққа қатысқан.
Қазір полицейлер істі тергеп жатыр. Сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Қазақ спорт және туризм академиясы балалар медициналық анықтамасыз жаттығуға жіберілмейді деп отыр.
Оқушының туыстары қайғылы оқиға жайлы ештеңе айтпады.
sputniknews.kz