Алматыда ондаған адам наразылыққа шықты

0

1 мамырда Алматыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ондаған адам жиналып, наразылық білдірді. Олар Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып сайланғанына қарсылық білдірді.

Наразылардың бірі «ақпанда туындаған көп балалы аналар мәселесін билік әлі шеше алмай отыр» деп айқайлады.

Саябақта мерекеге орай қойылған әуен даусы қатты шыққандықтан, азаматтар қолына кезектесе микрофон ұстап сөйледі. Бала көтерген азаматтың бірі «Қазақстанның нағыз қайраткерлері түрмеде отыр, қылмыскерлер – билікте» деді.

Наразылар арасында атом электр станциясының құрылысына қарсы шыққандар да бар. Мұнан соң наразылар «Масқара!» деп айқайлап саябақ маңында жүре бастады.

Тікелей эфир: Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылық

​Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған.

Жаңалық толықтырылады.

Azattyq