Алматыда нейрохирургтер жаңа инновацияларды қолданып жатыр
2018 жылғы 26 желтоқсан 18:05 190
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматының №7 қалалық ауруханасында бас сүйек кемістігін жою үшін 3D импланттарды кеңінен қолданып жатыр. Нейрохирургтер санаға күрделі ота жасау тәжірибесін қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Краниопластика — бас сүйек кемістігін жою үшін 3D импланттарды қолданатын соны технология. Күрделі бас сүйек-ми жарақаттарына, қатерлі ісікке, сүйектерге ота жасауға қолданылады. Біз осы әдістемені енгізгеннен кейін 20-ға жуық науқасқа ота жасадық. Соның бәрі де сәтті өтті. Қазақстанда бұл әдістеме биылдан бастап кеңінен қолданыла бастады», — дейді №7 аурухананың 3-нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Валерий Тян.
Имплант отаға дейін әзірленеді. Бұл отаның уақытын қысқартып, инфекция түсу қаупінің алдын алады. Краниопластикалық оталар әзірге ауруханада жасалады.
Биыл Қазақстанда адам санасына күрделі нейрохирургиялық ота жасала бастады. Ондай оталар ісік мидың қызметтік бөліктерінде, яғни біздің сөйлеуімізге, қимылдарымызға жауап беретін бөліктерінде орналасқан кезде жасалады.
«Мұндай отаны бірнеше маман жұмыла отырып жасайды. Ота кезінде анестезиологиялық құрал науқас дәрігердің қарапайым сұрақтарына жауап бере алатындай етіп беріледі. Яғни, отаның алдында науқас ұйқыға кетеді, нейрохирургиялық ота жасалып жатқанда ол оянып, дәрігерлермен сөйлеседі. Сосын жалпы анестезия беріліп, ол ұйқыға кеткен соң ота аяқталады. Ал науқас ауру сезбейді», — дейді нейрохирург дәрігер Жұлдыз Садықова.
Ота заманауи, жоғары технологиялық нейрооперациялық қондырғының көмегімен жүргізіледі.
Гүлзат Сахова
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz