Алматыда Мыңжасар Маңғытаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды

0

– Әсем көшенің бойында орналасқан Композиторлар үйінің іші толған құдірет еді ғой. Небір талантты, құдіретті сазгерлеріміз, небір қайталанбас дарындарымыз осында тұрды. Мыңжасар ағамыз да солардың бел ортасында жүрді. Бүгінгі шара үшін қалалық әкімдікке зор алғыс айтқым келеді. Бұл да сазгердің есімін тарихта қалдырудың жарқын үлгісі деп есептеймін, – дейді Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев.

Мыңжасар Маңғытаев халқының ән өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Көптеген спектакльдер мен мультфильмдерді әуенмен әрлеген қайраткердің «Қозы мен Баян» балетіне, «Ақсақ құлан», «Жайлауда», «Қаратау әуендері» сынды хорға арналған поэмалары өнер өлкесіне айшықты із салған шығармалар. Оның үш жүзден астам әндері, вокальдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған музыкалары заман тынысын, өмір келбетін, дүние сұлулығын жырға қосты.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ