Алматыда «митинг өтеді» деген күні Республика алаңы жабылды

0

«Митинг өтеді» деген күні Алматыда Республика алаңы жабылып, қала әкімдігіне апаратын жолдар темір шарбақпен қоршалды. Таңертеңгі сағат 9 шамасында Азаттық тілшісі алаңды екі жақтан полиция қызметкерлері күзетіп тұрғанын көрді.

Алаң маңындағы президент резиденциясы орналасқан Ганди көшесінде де қозғалыс шектелген.

Бұған дейін Oyan, Qazaqstan, тіркелмеген «Демократиялық партия» және «Республика» қозғалысы 1 наурызда митинг өткізетінін жариялаған. Олар қойып отырған талаптар арасында белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілер заң бойынша жазасын алу, саяси тұтқындарды босату және саяси көзқарасы үшін қуғындауды тоқтату, әділ, тәуелсіз сот жүйесін құру және биліктің ауысуы сияқты талаптар бар.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы да 1 наурызда жұртты билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Билік ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязов «билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария түрде шақырды» деп айыптаған.

2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен және өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол сот шешімінде саяси астар бар деп санайды. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Бас прокуратура митингілерді «заңсыз» деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.

Azattyq