Алматыда мереке мен демалыс күндері карантин талаптары күшейтіледі

0
95
Сурет: pixabay.com/ru/users/corne-910846

Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин 16 наурызда тағы бір қаулы шығарып, мереке мен демалыс күндері карантин талаптарын күшейтті.

Құжатқа сәйкес, 20 наурыздан бастап мереке мен демалыс күндері мәдениет мекемелері, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, облысаралық тасымал, қала ішіндегі тасымал, бильярд залдары, компьютер клубтары, боулинг, цирк, білім беру орталықтары, балалардың ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, спорт жарыстары, банкет залдары, түнгі клубтар, караоке, «Медеу» мұз айдыны және басқа да нысандар жұмыс істемейді.

Жаңа қаулы бойынша, Алматыда қоғамдық көлік қатынасы шектеледі. Автобустар таңертең және кешке ғана жүреді.

Былтыр күзде Бекшин қатаң карантин кезінде қоғамдық көлік қатынасын шектеу дұрыс болмағанын мәлімдеген еді. Өткен демалыста қоғамдық көліктер тоқтап тұрды. Қала тұрғындары бұған наразы болды.

Алматы қаласы коронавирус таралу деңгейі бойынша «қызыл» аймақта тұр. Күнде жүздеген адамнан вирус анықталып жатыр. 16 наурызда Жандарбек Бекшин бір тәулікте шамамен 500 адам коронавируспен ауруханаға түссе, қалада толық локдаун жариялануы мүмкін екенін ескертті.